Диқандар судан тарықпайды

Диқандар биыл судан тарықпауға тиіс. Бұл үшін көктемде қар суы мен жоғарыдан келген тіршілік нәрін шашау шығармай жинап алу қажет. Жинайтын орын - су қоймалары.

Қазір Сырдың бойындағы тоғандар толуға жақын. Демек, биыл қуаңшылық болмайды деген сенім бар. 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Оңтүстіктегі диқандар судан таршылық көрмеуге тиіс. Себебі өзендер мен сай-саладан аққан су жылдағыдан мол. Соның арқасында көлемі 5,2 млрд текше метр болатын Шардараға 5,1 млрд текше метр су жиналды. Ал Көксарайда 1,6 млрд текше метр су бар. «Яғни, тіршілік нәрін көптеп жинап алуға мүмкіндік туып отыр», - дейді жауапты министрлік өкілі.

Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының басшысы:

- Өткен жылға қарағанда Шардара су қоймасы 1 млрд-қа артық. Өткен жылы аз болған су қойманың көлемі. Сонымен қатар бізде Көксарай контрреттегіші де өткен жылы 1,3 млрд болған. Биыл бізде 1,8 млрд-қа толтыру жоспарланып отыр. Сондықтан биыл біз су барлығы жеткілікті болады деген жоспарымыз бар.

Қазір солтүстік пен орталықтағы су қоймалары 67 пайыз толды. Ал батыстағы нысандар 57, шығыстағы су қоймалары 82 пайызға толып тұр.

Әзірге бос орын да жеткілікті. Елдегі ірі су қоймаларының көлемі 57 млрд текше метрден асса, оның 15 млрд-ы бос жатыр. Дегенмен алқапта көбесі сөіглмей қар жатыр. Сондықтан әлі де су келеді.

Тағы бір мәселе, су қоймаларының саны артады. Биыл Түркістандағы Бәйдібек ата және Қарақуыс қолданысқа берілуге тиіс. Соның арқасында суармалы алқап көлемі 3 мың гектарға ұлғаяды. Жалпы саны елде 42 су қоймасы салынады. Сосын биыл ондаған нысан жөндеуден өтеді.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Су қоймаларын реконструкциялау бойынша 5 жоба әзірленді. 7 облыста орналасқан 13 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірлеу жалғасады. Ағымдағы жылы құны 900 млн теңге болатын 8 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірлеуді жоспарлауда.

Су қоймаларымен қатар каналдарға ерекше назар аударылады. Қазір елдегі каналдар тозып тұр. Салдарынан аққан судың 40 пайыздан астамы рәсуа болып жатыр.

Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының басшысы:

- Сонау Кеңес өкіметінен бері өкінішке орай каналдарда жөндеу көрмеген да. Каналдардың көбінің тозығы жеткен. Еліміз бойынша 4500-ге жуық республикалық теңгерімдегі каналдар бар. Олардың магистралды каналдар 60 пайызға жуығы тозған болса, магистраларалық деген бар, межхозяйственный каналдар, олардың тозуы 80 пайызға жетіп отыр.

Былтыр Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы біраз іс қолға аланып, 502 шақырым канал жаңғыртылды. Және Ислам даму банкінің қолдауымен 600 шақырым жөнделді. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасады. Министрлік келесі жылға қарай мың шақырымға жуық каналды жөндеуден өткізбек.

Нұрқанат Қанапия, Диас Қобланбаев