Алатау қаласының алар асуы қандай?

Алматы облысында жаһанды аузына қаратар жаңа қала бой көтереді. Парламенттің бірлескен отырысында Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы мәселе көтерілді. 

Конституциялық заң жобасын вице-премьер Қанат Бозымбаев таныстырды. Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылып отыр. Жеке қаржы моделі болады. Арнайы басқару тәртібі енгізіледі. Ал оның бюджеті негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітеді. Құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Алатау – ақылды қалаға айналады. Екі жыл бұрын Президент Жетіген ауылын жетілдіріп, облыстық маңыздағы қала санатына қосқан. Мақсат айқын әрі айбынды. Шама-шарқын Қытайдың Хайнань, Шэньчжэнь сияқты шаһарларына шақтамақ. Әлде Кореяның Седжон мен Сонгдосындай әйгілі етпек немесе Сингапур, Доха және Дубайдай дардай боп дараланбақ. Әйтеуір вице-премьер Қанат Бозымбаев қанаттанып сөйледі.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Осыларды ескере отырып, Алатау қаласында да әкімшілік салық режимдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл әсіресе, Қазақстанда әлі толық енгізілмеген жаңа салалар үшін маңызды. Мысалы, «төмен биіктіктегі экономика» бағытында 3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану сияқты жаңа мүмкіндіктер қарастырылады.

Яғни әуе таксимен жеткізу әлеуеті де ескерілген. Алматыдан Алатауға 15 минутта-ақ ұшады. Медеу, Қапшағай немесе тау кластері нүктелеріне қонақтар қалықтап, қонады. Осылай жылына 8 млн-ға жуық турист тарту жоспарланған. Жалпы Алатауға көңіл алабөтен. Қала басқаша басқарылады. Мәслихат пен әкімдіктің әдепкі талабы тарылады. Тек әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселеге жауап береді.

Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Түйсігі күшті инвесторлар қалаға қаржы құя бастаған. Қазір 1 трлн 800 млрд теңгенің 44 жобасы қолға алынды. 30 мыңдай жұмыс орны ашылады. Осылайша, ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығын қалыптастыру жоспарланған.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компаниялар Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food, Envision Energy, Khan Tengri Biopharma және екі индустриялық-логистикалық хабтар, сондай-ақ ASP Аrena, К-Park сияқты туристік жобалар кіреді. Сонымен бірге заманауи Iconic Complex көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореялық жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттар енгізу бойынша стратегиялық жобалары іске асырылатын болады.

Егер сөз бен іс сәйкес келсе, 2050 жылға қарай  қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд долларға жетеді. Сарапшылар осылай салмақтап отыр. Ал депутаттар қаптаған инвестор қара жерді қайтіп пайдаланарына алаңдайды. Қаржы құйып, құйқалы жерді де құйрығына басып алмасына қандай кепіл бар?

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қалада қордаланған проблема көп. Сондықтан халық инфрақұрылым игілігін көрмей жатып, жарқын жоспарға илана қоюы неғайбыл.

Әлішер Әбдіқадыров, «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының атқарушы директоры:

- Қала қарабайыр қалыптан шығады. «Digital by default» қағидатына негізделеді. Яғни барлық қызмет цифрлық нұсқада болады. Жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік дамытылады. Сондай-ақ криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтер енгізіледі. Қысқасы, Алатауды қауымдасып өмір сүретін қарышты дамыған қалаға айналдыру – мұраты тұр. 

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Асхат Қарақойшиев