ШҚО жастары дронды пайдаланудың қыр-сырын меңгеріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында Ұлы даланың ұлттық ойындары жаңа форматта ұйымдастырылды.

Бүркітшілер қыран құстың орнына дрондарды пайдаланса, ІТ-мамандар виртуалды көзілдіріктер арқылы өткенге саяхаттады. Сондай-ақ экономиканың негізгі салалары ойын үлгісінде түсіндірілді. Ел шығысында ұшқышсыз ұшу аппараттары егістікті суарып, жол қозғалысын бақылайды. Орман алқаптарын күзетеді. 

Тікұшақ үлгісіндегі мына шағын дрондар түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындайды. Өскемендік ІТ-мамандар ұшқышсыз құрылғыларды қолданудың қыр-сырын меңгеріп, оқушыларға үйретеді. Қазір оқу орындарында тәжірибелік сабақтар өтіп жатыр.

Маргарита Ханжарова, дронтану курсының оқушысы:

- Бұл іспен былтырдан бері айналысамыз. Дронның көмегімен мектептің шатырын тексеріп, ақауларды анықтадық. Биылдан бастап мектебімізде дронтану пәні енгізілді.

Өңірде цирфландыру саласы қарқынды дамып келеді. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді. Себебі егін суаруға арналған бір дрон тіркемесі бар трактордан үш есе арзан. Сонымен қатар табиғи қорықтарды да ұшқышсыз құрылғылар қорғайды.

Дидар Мұратұлы, IT-хаб директоры:

- Жаңа технологияларды, дрондардың негіздерін және оны қалай ұшыру керек және бүгінгі таңда қалай пайдалану керегі жайлы оқытамыз және бүгінгі іс-шара жастарға ұнайды деген ойдамыз. Бізде Шығыс Қазақстан облысы бойынша өте көп ІТ компаниялар бар және дрондар бізде өте сұранысқа ие.

Қазір өңірде жаңа ақылды дрондар сынақтан өткізіліп жатыр. Олардың тасқын кезінде қауіпті аймақты анықтауға мүмкіндігі мол. Жалпы ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануда жастардың әлеуеті зор, дейді мамандар.

Андрей Охотенко, IT-жобалар менеджері:

- Жастардың идеясы ерекше. Олар түрлі бағдарламалар арқылы біз ойламаған бағытты қамтиды. Шын мәнінде дрондарды қолданудың аясы шексіз.

Болашақта ұшқышсыз ұшу аппараттары өңірдің экологиясын да бақылауға алады. Дрондарға арнайы датчиктер орнатылып, ауа сапасы тексеріледі.

Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов