Биыл елордада Наурыз ерекше тойланып жатыр
Биыл ұлттық мерекеміз замануи технологиялармен ұштастырылған. Оған 2026 жылдың цифрландыру жылы болып белгіленуі себеп.
Сондықтан ұйымдастырушылар меркелік бағдарламаға жасанды интеллект элементтерін енгізіп, ерекше бағдарлама әзірлеген.
Бүгін әкімдік алдындағы алаңда мерекелік көңіл күй орнаған. Әуелеген ән-күйдің даусы алыстан естіледі. Сондай-ақ мұнда арнайы шатырлар тігіліп, ұлттық тағамдар қойылған. Халық дәмнен ауыз тиіп, мерекелік концертті тамашалады.
Алайда ән-күйден бөлек тұрғындардың назарын ерекше қонақ өзіне аударып алды. Гуманоид робот көңілді музыка ырғағына билеп, балғындарға ерекше әсер қалдырды.
Балмира Берікқызы, Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Бұл жерде жасанды интеллекттің көмегімен жұмыс істейтін ассистенттер, гуманоид роботтар, оған қоса VR ойындар, VR аватар бар. Өзіңіздің түріңізді фотоға түсіріп, қазақтың даласында, табиғатында сурет шығарып алуға болады. Сондай жаңа технологияларды қолдана отырып, Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, 2026 жыл цифрландыру жылы болып белгіленген. Сондықтан технология мен ұлттық дәстүрді тоғыстыру осы жылдың бір жаңалығы болып саналады.
Сондай-ақ тұрғындар арасында ұлттық ойындар ойнатылып, білекті жігіттер спорттық сайыстарда күш сынасты. Ал жеңімпаздарға әкімдік тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Самат Қазанбаев