Ақмола облысының жұртшылығы да биыл Наурызды айрықша атап өтіп жатыр

Көкшетаудағы орталық алаңда бір мезетте мың жеті жүз адам қара жорға билеп, Қазақстан рекордын тіркеді.

Одан бөлек, жиналған көпшілік ұлттық ойындарды тамашалап, түрлі қойылымдардың куәсі болды. 

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Біз қазір облыс орталығындағы жаңа жағалаудан сөйлеп тұрмыз. Жалпы көбі білетіндей, Көкшеге көктем кеш келеді. Бүгін де ауа райы құбылып, аспан бұлттанып тұр. Десе де жұрт күннің суықтығына қарамастан Ұлыстың ұлы күнін атап өту үшін орталық алаң мен жаңа жағалауға жиналған.

Облыс орталығындағы мерекелік шаралар легі сағат 12:00-де басталды. Алдымен мың жеті жүз адам бір мезетте қара жорға биін билеп, Қазақстан рекордтын тіркеді. Ауқымды шараға қатысқандардың ең кішісі15-те болса, үлкені – 90 жастағы қария. Тіпті қатысушылардың арасында жарты ғасырға жуық бимен айналысып келе жатқан кәсіби хореогафтар да бар.

Ерсін Жүсіпов, хореограф:

- Кезінде кейбіреулер: «Қазақта би болмаған», - дейді. Шындығында би болған. Қара жорға биі қарап тұрсаңыз, «буын биі» деп есептеледі. Онда адамның әрбір буыны жұмыс істейді. Яғни адамның денсаулығына өте пайдалы дүние.

Ал біз тұрған жаңа жағалауда жиналған көпшілік бірнеше бөлімнен тұратын театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Олардың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Бірінде қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілсе, келесісінде еліміздегі халықтар достастығы мен тарихи оқиғалары сипатталды. Биыл Ұлыстың ұлы күні еліміз бойынша  мәдениет пен цифрлық технологияларды біріктірген форматта өтіп жатыр. Осыған орай, мұнда виртуалды киіз үйлер тігіліп, жасанды интелектінің көмегімен жұмыс істейтін аватарлар да қойылған.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Сонымен қатар спорттық ойындар да халықтың делебесін қоздырып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Ерлер жағы күрес пен арқан тартып және кір тасын көтеріп жарысты. Балалар жағы асық атып, тоғызқұмалақ ойнады. Ал, Көкшетаудағы мерекелік концерт кешке дейін жалғасады.