Елорда жұрты Ұлыс күнін ұлықтады
Табиғат жаңарып, тіршілік қайта жанданатын, жасампаздықтың бастауы болған әз-Наурыз мейрамы елорда төрінде айрықша тойланды.
Дүбірлі думанның бірі қазақ елі монументі алаңында ұйымдастырылған. Есілдің жағасындағы жұрт бүгін ертемен келіп, ұлыс күнін ұлықтаған түрлі бағдарламаны тамашалады.
Есілдің жағасындағы жұрттың көңілі бүгін өзгеше. Көктемнің иісі тек табиғаттан ғана емес, адамдардың көңіл күйінен де аңқып тұр. Қала бойына жан бітірген мерекелік леп әр алаңды қыз-қыз қайнаған думанға айналдырған. Түрлі ұйым өкілдері, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар мерекені жоғары деңгейде өткізуге атсалысып жүр. Бірі ұлттық ойынның көркін қыздырса, енді бірі әуезді әнмен, мың бұралған биімен ортаға сән беріп жүр.
Мейіскүл Сереева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Шымкенттен келдім Астанаға. Наурызды тамашалап жүрміз. Құтты бола берсін.
Ырымгүл Әйкен, Қарағанды облысының тұрғыны:
- Қарағанда облысы Ақадырдан келдім. Жылда осындай той, мереке көп бола берсін.
Әсет Қарғажанов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Мен Тараз қаласынан келдім. Мен 22 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Құлтемір Темірбекті таңырқай, тамасана тамашалаған тұрғын көп. Әсіресе балақайлар бірге билеп, суретке түсіп қызығына тоймай жүр. Қазақ тілінде жаңылмай сөйлейтін құрылғыны құрастыруға 3 айдан аса уақыт кетіпті.
Мирас Баганов, инженер:
- Астана тұрғындары өте қуанышты. Осындай инновациялық жоба ретінде біздің Қазақстанда көру өте жылы. Жалпы бұл роботтар деп айтылады. Қытай компанияларынан алынған болатын.
Әрине ұлттық ойындар да ұмыт қалмады. Әсіресе асық атуға жиналғандар көп болды. Ұлттық тағамдар, әшекейлер мен киімдер көрмесі де қамтылыпты.
Бибісара Серікбай, қала тұрғыны:
- Мен бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын. Себебі бүгін қазақтың жаңа жылы. Сіздерге бір бата берейінші.
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң, жол болсын!
Көйлектерің көк болсын!
Тамақтарың тоқ болсын!
Кәмшат Мұхамеджан, Мадияр Қындыбаев