Жамбылда «Мөлдір бұлақ» акциясы басталды

«Мөлдір бұлақ». Осындай атаумен елімізде Су ресурстары және ирригация министрінің қатысуымен бұлақтарды тазалауға арналған ауқымды экологиялық акция басталды. 

Президент тапсырмасымен аталған шара барлық өңірде кең етек ала бастады. Алғашқы күннен-ақ Оңтүстік өңірлердегі 28 бұлақтың көзі ашылды.

Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы Жалғызтал бұлағын тазалау жұмыстарына қатысты.

Жамбыл облысының бірқатар аудандарындағы жеті бұлақта да  тазарту жұмыстары жүргізілді. Облыста су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы «Болашақтың қайнары» құрылды. Осындай еріктілер топтарын еліміздің басқа өңірлерінде де құру жоспарланып отыр.

Бүгінде Ұлттық гидрогеологиялық қызметі Қазақстан аумағындағы бұлақтарды түгендеу жұмыстарын бастады.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Бүгінгі іс-шараға еріктілер мен студенттердің қатысып отырғаны ерекше қуантады. ҚР Мемлекет басшысы еріктілер қозғалысына әрдайым ерекше көңіл бөліп, олардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалап келеді. Біздің министрліктің бастамасымен елімізде алғаш рет «Болашақтың қайнары» атауымен су саласының еріктілер тобы құрылды. Бұл жұмыстың Жамбыл облысынан басталуы Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің қайта ашылуымен тікелей байланысы. Алдағы уақытта бұл бастама Қазақстанның барлық өңірін қамтиды.