Қарағандыда саяжайларды су баспайды

Қарағандыда негізгі кәріз коллекторының жиі ақау шығатын бөлігі жаңғыртылды. Құбырдың бұл екі шақырымы енді саяжайларды айналып өтеді. Ұзындығы 14 шақырым болатын желі кезең-кезеңімен толық ауыстырылады. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қаладағы қалдық су ағызылатын негізгі құбыр желісінің екі шақырымы мына саяжайлар аумағынан өтеді. Әр көктемде құбырдан ақау шығып, мұндағы үйлерді су басып кететін. Осыған байланысты жөндеу жұмысы дәл осы саяжайлар маңынан басталды. 

Бұл құбыр осыдан жеті жыл бұрын ауыстырылған. Сол кезде іші пластикпен қапталды. Онысы қатты ағысқа шыдамай ажырап, бойын бітеп тастайды. Көктемде қысым жоғары болғандықтан құбыр жарылып, қалдық су сыртқа жайылады. Коллектор саяжай ішінде болғандықтан оны тазалау және ақауды жою, техника кіргізу қиын болатын.

Аманбай Тұрғынбеков, су бұру желісінің бастығы:

- Ескі құбырдың іші пластикпен қапталған, ПМД тақталармен, солар жұлынып кетіп, жиналып, содан құбыр дұрыс жұмыс істемей тұр. Одан мынау саяжайлардың барлығын су басып, қиналған көп жағдайлар болды. Мұның барлығын тазалау мүмкін емес, саяжайлардың ішіне кіргізбейді тұрғындар.

Жаңғырту жұмысы аясында саяжайлар аумағын айналып өтетін 1800 метр болатын жаңа желі салынды. Оған 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. «Құбырдың қалған қала ішімен өтетін 12 шақырымы кезең-кезеңімен ауыстырылады», - дейді сумен жабдықтау мекемесінің басшысы. 

Ербол Төлеуов, сумен жабдықтау компаниясының бас директоры:

- Ары қарай жалғастыру туралы сондай шешім қабылданды. Алайда қазір біз көреміз қай жолмен кетеміз, төтенше жағдаймен кетеміз ба немесе табиғи қорғаныс бойынша бөлінетін қаражатпен кетеміз ба соны ойластырамыз. 

Жалпы оныншы коллектор аталатын бұл құбыр қаланың басты күретамыры деуге тұрарлық. Қалдық судың 95%-ы сол арқылы ағады. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит