Ұлттық қолөнер - тәрбие көзі

Ұлттық рух мектептен бастау алады. Көркем еңбек сабағы - жай ғана пән емес, бабалар аманатын жаңғыртатын орта.

Ағаштан түйін түйген өрендер ежелгі қолөнерге жаңа тыныс беріп, қолөнердің қыр-сырын мектеп қабырғасында-ақ меңгеріп жүр.

Мектептің табалдырығын аттағаннан-ақ, мұндағы шеберханадан аңқыған қарағай мен аршаның жұпар иісі сезіледі. Бұл жерде оқушылар тек қашау мен балға ұстап қана қоймай, ұлттық құндылықтарға жан бітіріп жатыр. Шәкірттердің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Мұнда нәзіктік пен төзімділікті серік еткен қыздар жағы кесте тоқып, моншақ  жасаса,  ұлдар ағаш өңдеудің тәсілдерін меңгеруде.

Кәусар Тойлат, 9-сынып оқушысы:

- Біз көркем еңбек сабағында кейде тоқып, кейде білезіктер жасаймыз. Қолөнер бұйымдарын жасаймыз.

Абуәли Асхатұлы, 6-сынып оқушысы:

- Қазақ халқының ұлттық аспаптарын, ыдыс-аяқтарын және т.б кәде сыйларын жасаймыз. Мысалы, торсықты алып қарасақ, торсықты оны ағаштан жасағанбыз, өйткені ағаштың ішіне ыстық су құйсаң, ысттық болып тұра береді, суық су құйсаң, суық болады. Сондықтан ағаштан жасадық.  Негізі оны қара малдың мойын терісінен илеп жасаған. Оны аттың қанжығасына байлап немесе дастарханға сусын құйып қоюға болады.

Шәкірттерді қолөнерге баулып жүрген — майталман маман Мереке Ақышев. Тәжірибелі ұстаз шәкірттеріне бұйым жасауды ғана емес, ата-баба мұрасын қастерлеуді де сіңіріп келеді.

Мереке Ақышев, Барлыбек сырттанұлы атындағы №34 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі:

- Қазір біздің ұлттық құндылықтарымыз, халық тұтынатын бұйымдар, ағаш ыдыстар,астау, тегеш ожау, ағаштан кәде сыйлар, өзіміздің қазақ халқының қасиетті қара домбырасын, қобызын осыларды нақыштаймын. Оларды сөйлетемін. Мысалы, домбыра жасасамс, жалғыз домбыра жасамаймын, қасына бірдеңелер қоямын. Абылайханның жүзігі. Өте жақсы оқушылардың қызығушылықтары. қазір дамыған заман ғой мынадай станоктармен жұмыс істегенді ұнатады балалар.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Бұл «Көркем еңбек» сабағында жасалған бұйымдардың көрмесі. Мұнда ұлдар жонып шыққан ағаш кемелер, астаулар мен домбыралар тізіліп тұр. Ал мына жақта қыздардың нәзік әшекейлері мен ұлттық нақыштағы сөмкелері.  Әрбір бұйым оқушылардың шыдамдылығы мен шығармашылығының нәтижесі. Бұйымдардың әрқайсысынан ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарастың үйлесімін байқауға болады.

Мектеп басшылығы бұл бағытты кеңейтіп, жас шеберлердің жұмысын насихаттауды көздеп отыр. Ол оқушылардың ынтасын оятып, еңбегін бағалау басты меже екенін айтады

АМАНКЕЛДІ БОДАНОВ,  Барлыбек сырттанұлы атындағы №34 орта мектеп директоры:

- Оқушылар өзденрінің алған білімдерін практикалық тұрғыда көрсете алады. Ол, біріншіден - көрме. Көрменің аясында біз аукциондарға шығарғымыз келеді. Аукцион арқылы материалдық ынталандыруды қолдаймыз, оқушылардың еңбегі бағалану керек. Және алдағы уақытта жоспарларымыздың бірі ретінде арнайы өндірістік шеберханалар болса, сол жерде Еңбек Кодексін бұзбайтын нормада 4 сағаттық деңгейде жұмыспен қамтылса деген  бір тілегіміз бар. Осы тілектің аясында оператор спу , тігінші деген тәрізді жұмысшы мамандықтардың қатарында оқушыларымыз мамандықтар алып, квалификацияланған маман ретінде Еңбек Кодексіне сәйкес, еңбек шартымен қамтылса деген тілек ниетіміз бар.

Бүгін мектеп қабырғасында қаланған кішкентай шеберлік - ертеңгі үлкен өндірістің бастауы. Қолөнерге жан бітірген оқушылардың ынтасы осыны аңғартады.

Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев