Түркістан облысында суға батқан баланы іздестіру жүріп жатыр

Түркістан облысында 23 наурызда суға батып кеткен баланы іздестіру жұмыстары әлі нәтиже бермеді.

Жеті жасар бала Келес өзініне құлаған. Іздестіру шарасына Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен еріктілер жұмылдырылды. Сүңгуірлер су астында 900 метр аумақты тексеріп шықты. Бұдан басқа ұзындығы 9 шақырым болатын Лесбек батыр елді мекенінен Сырдария өзеніне дейінгі учаске тексерілді. Ұшқышсыз ұшу аппараты 55 шақырым аумақты барлады. Іздеудің тиімділігін арттыру үшін Қазығұрт ауданындағы шлюздің жұмысы тоқтатылды және Өзбекстанға тиесілі «Зах» каналының шлюзі жабылды.