Қаржы пирамидасын басқарған күдікті ұсталды
Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген азамат Грузиядан экстрадицияланды.
Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросы қызметкерлерінің қатысуымен және елшілік қолдауымен күдікті елге жеткізілді. Ол экономикалық қызмет саласында бірқатар қасақана ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Тергеу барысында оның ұйымдасқан топ құрамында 2019-2021 жылдар аралығында бірнеше өңірде қаржы пирамидасын басқарғаны анықталды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ерлан Жанпейсов, Бас прокуратураның ресми өкілі:
- Қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекеттері нәтижесінде азаматтарға жоғары табыс табуға уәде беру арқылы 10 млрд теңгеден астам қаражат тартылған. Сыбайлас қатысушылардың бірқатары бұрын бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, аталған күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. 2026 жылғы ақпан айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.