ШҚО-да су құбырлары жаңартылады

Шығыс Қазақстандағы елді мекендердің барлығына ауызсу құбыры тартылды. Алайда тіршілік нәріне қол жеткізе алмай отырған үйлер бар.

Себебі негізгі желі салынғанмен, одан ары қарай үйді-үйге су тарту жұмыстары әлі атқарылып жатыр. Жалпы өлкеде ауызсумен қамту бойынша бір жыл ішінде 8 жоба іске асқан.Оған 13 млрд теңге жұмсалды. Дегенмен жауапсыз мердігерлер кесірінен неше жылдан бері құрылысы созылып кеткен нысандар да бар. Мәселен, Самар ауданында осындай салғырттық танытқан мердігер компаниялардың ісі соттқа дейін жетті. Даулы іс аяқталғанша ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен қол үзіп қалды. Тоқтаған іс биыл жазда қайта жалғасады деп жоспарланып отыр. Глубокое ауданында да осыған ұқсас жағдай тіркелген. Сала өкілдерінің айтуынша, ендігі ең өзекті мәселе - ескірген желілерді жаңарту болып тұр.

Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасы бастығының орынбасары:

- Су құбырларының 44 пайызы ескіріп тұр. Биыл жаңғырту жұмыстарын қамтитын 16 жобаға 6,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 9 жоба іске асырылып, желілер жаңартылады деп ойлап отырмыз.