Былтыр 26 мың кибералаяқтық тіркелді
Соңғы жылдары кибералаяқтық күрт көбейіп, алаңдатарлық деңгейге жетті.
Былтыр 26 мың қылмыс тіркеліп, бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 20 пайызға артқан. Қылмыскерлердің тәсілдері де өзгерген. Ең жиі қолданылатыны – вишинг: өздерін банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, SMS-кодты сұрайды. Сонымен қатар жалған хабарламалар мен «тиімді ұсыныстар» арқылы азаматтарды алдап, ақша аудартатын жағдайлар жиілеген. Фишинг әдісімен жалған сайттар жасап, жеке деректерді ұрлау да кең таралған. Қазір алаяқтар жасанды интеллектіні пайдаланып, адамның даусын, бейнесін қолдан жасап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, технология дамыған сайын қылмыскерлердің әрекеті де күрделеніп, оларды анықтау қиындай түскен.
Ырысты Жәлілханова, ҚР ЖИЦДМ Дербес деректерді қорғауды дамыту бойынша басқармасының басшысы
- Алаяқтар адамның эмоциясына әсер етуге тырысады. Адамды қорқытып, асықтырып, қысым жасап, оны қауіп төніп тұрғанына немесе шұғыл әрекет ету керегіне сендіреді. Ондай кезде адамдар сыни ойлай алмай қалады. Соны пайдаланған алаяқтар оларды өтірігіне сендіреді. Себебі қатты қорқып немесе асығып тұрған адам айтылған ақпаратты тексермей, жылдам әрекет етеді.