ШҚО-да 55 гидробекет өзендердің деңгейін бақылайды

Шығыс Қазақстан облысында 55 гидробекет бар, онда өзендердің деңгейіне тәулік бойы мониторинг жасалады. 

Себебі мұз  жамылғысы еріп, оған сай-саладан аққан қар суы қосылып, өзен арнасынан асу қаупі бар. Бір ғана Үлбінің бойында төрт бекет жұмыс істеп тұр. «Ондағы су деңгейі бастапқыда 4 сағат сайын өлшеніп тұрса, қазір тәулікте екі-ақ рет тексеріледі. Дегенмен бұл қауіптің сейілгенін білдірмейді», - дейді мамандар. Гидробекет қандай көрсеткіштерге ерекше мән береді? Үлбіден келер қатер бар ма?

Үлбінің арыны қатты. Тау-шатқалдың арасымен ағып жатқан өзен бойында елді мекен көп. Сондықтан күн жыли сала мұндағы су деңгейі назарға алынады. Каменный Карьер ауылындағы бұл гидробекеттің 100 жылдық тарихы бар. Яғни мұнда Үлбі өзені жайлы ғасырлық ақпарат жинақталған. Ал соңғы 13 жылдың мәліметін бақылаушы Ирина Самойловадан артық ешкім білмейді. Оның қолынан екі құрал түспейді. Бірімен  судың деңгейін, екіншісімен температурасын өлшейді. Айтуынша, Үлбінің ағысы аяқасты өзгереді.

Ирина Самойлова, гидрологиялық бекеттің бақылаушысы:

- Осыдан бір апта бұрын өзенді мұз басып жатқан. Сол кезде әрбір 4 сағат сайын өлшем жасап, көрсеткіш жинадым. Ал қазір міне арна ашылып, су еркін ағып жатыр. Сондықтан таңертең бір, кешке бір тексерем. Алайда бұл қауіп сейілді деген сөз емес.

Расымен апат айтып келмейді. Осыдан 9 жыл бұрын дәл осылай ағып жатқан Үлбінің суы бір күн ішінде 1 метрге дейін көтеріліп, Жаңа Үлбі ауылындағы бірнеше ауланы су басып қалған. «Сондықтан көктем сайын негізгі бекеттермен қатар уақытша гидробекеттер ашуға тура келеді», - дейді мамандар.

Іңкәр Асқарова, «Қазгидромет» РМК» ОФ бөлім басшысы:

- Өзен арнасы мұздан ашылу кезеңінде, мұздан тазару процесінде күрт су деңгейі өсуі мүмкін. Мұз кептелістері өзен арнасында пайда болуы мүмкін. Сол кезеңде ашылады. Ақпан айынан мамыр айына дейін жұмыс істейтін маусымдық гидробекеттер.

Қазір Үлбідегі су деңгейі 142 сантиметр. Бұл қауіпті көрсеткіштен 3 есеге жуық төмен. Өлкедегі бүкіл өзеннің ағысы мен деңгейін жалпы 55 гидробекет бақылап отыр. «Әзірге  Бұқтырма, Уба, Қара Ертістен қатер көп», - дейді сала өкілдері.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Өзендерден бөлек гидроқұрылғылар да басты назарда. Әсіресе апатты жағдайда тұрған Маракөлдегі Орта Теректі,Тарбағатай ауданындағы Қандысу тоғандарын бақылау күшейді. «Облыста  жағдай тұрақты болғанмен арқаны кеңге салуға әлі ерте», - дейді мамандар. Өйткені аймақтың 80 пайызы әлі қар астында жатыр.

Авторлары:  Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов