Алматы облысындағы зауыттың жұмысшылары жалақысыз жүр
Алматы облысында фиброцемент тақталарын шығаратын зауыттың 100-ге жуық қызметкері бірнеше айдан бері тиісті жалақыларына қол жеткізе алмай жүр.
Жұмысшылар бұл мәселе бойынша редакциямызға жүгінді. Олардың айтуынша, жалақы төлеу жыл басында тоқтаған.
Талдықорған тұрғыны Әсет Құлыншақов бұл жұмысқа кәсіпорын ашылған сәттен бастап орналасқан. Әуел бастан тұрақты табысқа үміттенген. Алайда бірнеше айдан кейін жалақы тоқтаған. Оның сөзінше, зейнетақы және медициналық сақтандыру аударымдары да жүргізілмеген. Жұмысшылар жаңа жылдан кейін мүлде ақша алмаған.
Әсет Құлыншақов, зауыт қызметкері:
- Жылдың басынан бастап ақша төленбеді. 200 мыңнан аванс берілген болған. Одан кейін ақша жоқ, міне, күнде ертең. Созып жатыр, ақша жоқ
Жұмысшылардың айтуынша, әрқайсысына шамамен 1 миллион теңге қарыз жиналған. Көпшілігінің несиесі, жалдамалы пәтері бар. Отбасын асырау қиынға соғып отыр.
Бекзат Күлгімбаев, зауыт қызметкері:
- Кейбір жігіттер ипотекаға үй алып алған, үйсіз қалайын деп отыр. Машина алғандары бар, қара тізімге кіріп жатыр.
Кәсіпорын өкілдері болса жағдайды өндірістің бастапқы кезеңіндегі қиындықтармен байланыстырады. Алғашқы өнім сапасыз болғандықтан сатылым төмендеп кеткен. «Қазір өндіріс біртіндеп тұрақталып келеді», - дейді олар.
Дмитрий Мацыгин, зауыттың техникалық директоры:
- Сапалы өнім енді ғана шыға бастады. Жақын күндері ірі келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр. Сол арқылы алдын ала төлем алып, жалақы бойынша қарыздарды өтеуге мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Мәселе ушыға бастаған соң, оған әкімдік, прокуратура, еңбек инспекциясы және мәслихат депутаттары араласты. Жұмысшылардың шағымы негізінде кәсіпорында қосымша тексеріс басталды.
Ернар Мүбарак, Алатау қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Бүгін басшысымен сөйлескенімізде бірінші транш айлықты беруге уәдесін берді. Сонымен қатар қалған бөлігін 10 күндікте төлеп беруге өзінің уәдесін берді
Зауыт басшылығы барлық қарызды 10 сәуірге дейін жабуға уәде берді. Егер бұл міндет орындалмаса, іс сотқа жолданады. Дегенмен жұмысшылар уәделерге сену барған сайын қиындап бара жатқанын айтады.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай