Балық шаруашылығын дамытудың жолы қандай?

Қазір елдегі кәсіпорындар жылына 60 мың тонна балық өндіруге қауқарлы. Бұл межелі көрсеткіштен үш есе аз. 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Ал азық ретінде алатын жемінің өзі Иран, Қытай, Еуропа, Түркиядан тасымалданады. Саланың бүгінгі аяқалысы қандай? Шаруаларды не толғандырады? 

Сөзімізге тұздық болсын: Қазір елде 700-ден аса балық шаруашылығы субъектісі бар. Олар тұқы, албырт, бекіре тұқымдас балықтарды көбейуге көңіл бөліп жатыр. Иә, «Аквашаруашылық туралы» заң күшіне енгелі шаруалардың тірлігіне жан бітті. Сәйкесінше, кәсіптің осы бір түріне бетбұрушылар саны да біршама артты. Былтыр қатарға тағы 80 шаруашылық қосылды. Олардың дені Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында шоғырланған. Соның нәтижесінде елде балық импорты 15 пайызға азайды. 

Бағдат Рүстемов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің аквашаруашылықты дамыту басқармасының басшысы:

- Сырттан келетін импорттың көлемі 54 мың тонна шамасында. Балық көлемінің 35 пайызын құрап отыр. Жалпы импортты төмендету мақсатында бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Атап өтетін болсақ, аквашаруашылық туралы заңның қабылдануы. Осы заңның аясында 60-қа жуық нормативтік актілер бекітілді. Олар инвестициялық ахуалды жақсартуға, экспорттың әлеуетін дамытуға, мемлекеттік қолдауды күшейтуге бағытталған. 2025 жылы тартылған инвестиция көлемі 4,2 млрд теңгені құрады. 8 инвестициялық жоба іске асып, өндірілетін балық көлемі 1,3 тоннаны құрайды. 

Жалпы кейінгі 5 жылда салада 100-ден аса инвестициялық жоба іске асты. Әсіресе аквамәдениетті дамытуға ден қойылып отыр. Бүгінде жем-шөп шығындарының 30%-ы өтеледі. Сала мамандарының айтуынша, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге айтарлықтай сеп. Тағы бір жағымды жаңалық биылдан бастап су беру қызметтінің де құны субсидияланады. Елде осы кәсіп түріне қолайлы 20-ға жуық республикалық және халықаралық су айдыны бар. Жалпы 2021 жылдан бері шаруаларға бөлінетін субсидия көлемі 11 есе өскен. Биыл 5,3 млрд теңге беріледі. Иә, тетігін тапсаң, балық шаруашылығы табысты кәсіп. Дегенмен шаруаларды алаңдатқан мәселе де аз емес. 

Марлен Тұрсынәлі, шаруашылық иесі:

- Біздің шаруашылықтарды инвест субсидия берілетін жобалар дұрыс жасалмаған. Әлі талқыланып жатыр. Одан кейін балық шаруашылығы елімізде кенже дамығанына байланысты аурулары қарқынды дамып жатыр. Аурулармен күресетін бізде орталықтар жоқ. Оны анықтайтын, оқытатын мамандар жоқ. Сол мамандар бойынша қандай жұмыс жүргіземіз? Премьер-министр тапсырма берді. Алайда өте баяу дүргізіліп жатыр. Бізге тез жұмыс жасау керек. Өйткені тірі балық,бүгін уход күтеді, бүгін сұрақтың шешілуін күтеді. 

Отандық кәсіпорындардың қазіргі қуаты бұл жоспарды орындауға жетпейтіні белгілі. Сол себепті жоғары технологиялы жем өндірісін кеңейтуге инвестиция тарту, заманауи зауыттар салу маңызды. Сондай кешеннің бірі Алматы облысында бой көтереді. Ресей, Польша инвесторларымен келісілген жоба аясында жылына 50 мың тоннаға дейін балық азығын шығару жоспарда бар. 

Бағдат Рүстемов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің аквашаруашылықты дамыту басқармасының басшысы:

- Бұл жемді қамтамасыз ету үшін біріншіден сусидия 25 пайыз, одан бөлек шет елден инвесторлар тарту. Оның ішінде Алматы облысында, Ақмола облысында және Маңғыстау облысында бұл бастамалар қазір жоспарлы түрде іске асып жатыр. Былтырғы жылы 11 қарашада меморандумға отырған болатынбыз. Қазіргі таңда әкімдікпен жер мәселесі бірінші кезекте шешілу үстінде.

Мамандар: «Өндіріс артқан сайын нарықта арзан балық көбейеді», - дейді. Бұл халықтың тұтыну көрсеткішіне де әсер етеді. Мәселен, бұған дейін қазақстандықтар жылына 4 келі балық жесе, қазір 5 келіге жуықтаған. Жалпы  елде балық өңдеуге машықтанған 72 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық қуаты 120 мың тонна. Қазақстандық балықты көбіне Еуроодақ елдері, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей және Қытай халқы тұтынады.

Авторы: Назерке Тоқжан