ШҚО-да автомектептердің рейтингі жасалады

Шығыс Қазақстан облысында автомектептердің рейтингі жасалады.

Мұндай бастаманы полицейлер қолға алды. Олар жүргізушілерді даярлау үдерісін бақылап, автомектеп түлектерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының есебін шығарады.

Сақтандыру компанияларының статистикасы бойынша, былтыр елдегі әр 20-жүргізушінің қандай да бір жол апатына қатысы болған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері туралы тілшіміз айтсын.

Енді Шығыс Қазақстан облысындағы автомектептер тәртіп сақшыларының бақылауында болады. Статистикаға сүйенсек, тәжірибесі аз жүргізушілер жол ережесін жиі бұзады. Қазір оқу курсын аяқтағаны туралы жалған куәліктердің берілуін болдырмайтын электронды сертификаттар енгізілді. Бұдан былай полицейлер автомектептердің рейтингін жасауды жоспарлап отыр.

Игорь Клишин, ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Мәжілісте «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Онда автомектептерді тексеруді қайта жандандыру және осы оқу ұйымдарының рейтингін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бағалау емтихан тапсыру нәтижелері және аталған ұйым курсанттарының жол-көлік оқиғаларына қатысуы туралы екі критерий бойынша жүргізіледі.

Автомектеп директоры Евгений Черныш полицейлердің бастамасына қарсы емес. Бірақ өз түзетулерін де ұсынады. Директордың айтуынша, жүргузішіге қатысы жоқ жағдайларды да ескерген жөн. Мысалы биыл Өскеменде 15 жол-көлік оқиғасы жолдардың нашарлығынан тіркелген.

Евгений Черныш, автомектеп директоры:

- Бұл өте күрделі статистика. Себебі тек автомектептерге байланысты емес. Көптеген жол апаты жолдардың сапасыздығынан, дұрыс жабдықталмауынан туындап жатады. 

Оны билік өкілдері де мойындайды. Автосарапшылардың пікірінше, жүргізуші куәлігін алу ережелерінің өзгеруі де апат санының азаймауына әсер еткен. 2016 жылдан 2024 жылға дейін «В» санатындағы жүргізуші куәлігін автомектепте оқымай-ақ алуға болатын. Үміткерлер теориялық емтиханды халыққа қызмет көрсету орталығында, практикалық емтиханды полицияда тапсыратын. Қазір бұл тәжірибе тоқтатылды. Айта кету керек, 2025 жылы Қазақстанда 140 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Арыстанбек Кенже, Вячеслав Ветлугин мен Дмитрий Пыхтин