Елордада ерекше балалар спектакль қойды
Елордада аутизм спектрінің бұзылуы бар балалар, ата-аналарымен бірге бір сахнада өнер көрсетті.
Олар аутизм туралы дүниежүзілік ақпараттандыру айына орай "Шуылдақ шыбын" инклюзивті қойылымын ұсынды. "Аутизмді жеңеміз!" орталығы мұрындық болған спектакльге барлығы 84 адам қатысты. Жас әртістер үшін мұндай жобаларға атсалысу әлеуметтік дағдыларды дамытудағы маңызды кезең саналады. Костюмдер сахналық әрі сенсорлық ерекшеліктерді ескере отырып тігілген. Ал спектакльдің көркемдік шешімі, әр баланың жеке әлеуетін үйлесімді ашуға бағытталған. Астанадағы көрсетілім Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының қабырғасында өтті.
Айнұр Кәрібозова, қордың бас директоры:
- Қай сала болмасын қолдау көрсетсең, сол салада аутизм спектрінің тіпті күрделі формалары бар кейбір жағдайларда балалар чемпион болып шығып жатыр. Спорт, өнер, білім саласы болсын, тек ертерек қолдау көрсету керек. Ата-ана өз баласына деген үміті мен сенімін үзбеуі керек. Ол үшін біз қоғам болып, жүйелі тұрақты қолдау көрсетуіміз керек.