Қызылорда облысында 15 су арнасы автоматтандырылады

Қызылорда облысында су тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан мамандар суды үнемдеумен қатар, қара нарықтың жолын кесуге күш салып жатыр. 

Бүгінгі уақытта суды заңсыз пайдаланған 400-ге жуық шаруашылық анықталды. Тексеру нәтижесінде айыптыларға жалпы сомасы 75 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар өңірде тиімді шешім ретінде заманауи технологиялар енгізілмек. Биыл 15 магистральді каналды цифрландыру жоспарланған. Жаңа жүйе су шығынын нақты бақылауға, ысырапты азайтуға және шаруашылықтар арасында суды әділ бөлуге мүмкіндік береді. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Әйтек су торабы арқылы облыстың 20 мың гектардан астам егістік алқабы сумен қамтамасыз етіледі. Әсіресе су тапшылығы кезінде бұл нысанның маңызы ерекше. Қазіргі таңда нысан толық автоматтандырылған. Бұл суды ысырапсыз пайдалануға және төменгі жақтағы елді мекендерді тасқыннан қорғауға мүмкіндік береді.

Автоматты жүйе іске қосылғалы судың деңгейі мен көлемі монитордан нақты уақыт режимінде көрініп тұр. Мамандар бұрынғыдай сызғышпен өлшеп, кесте толтырып уақыт жоғалтпайды. Тіпті су тоспаларын қашықтан басқаруға мүмкіндік туды.

Алмат Тоқжолов, Әйтек учаскесінің кезекші диспетчері:

- Бұл автоматиканың бір ыңғайлы жері — күндізгі, түнгі және ауа райы қолайсыз кезде барлығын іштен басқарып көрсетуге болады. Сонымен қатар бұның бір күн, екі күн емес, жылдық мөлшерін, қанша өткені, қанша пайдаланылғаны, судың қаншалықты көтерілгені, түскені барлығы жазылып тұрады.

Мамандардың айтуынша, Әйтек су тоспасындағы автоматты жүйе үш жылдан бері тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан басқа ірі су арналарын да цифрландыру жоспарланған. 

Нәжмадин Шамұратов, «Қазсушар» РМК филиалы директорының міндетін атқарушы:

- Облыста 15 магистральді каналға осындай автоматтандыруға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның қазір мердігерлері анықталды, сараптамаға құжаттарын өткізіп жатыр. Алдағы уақытта осы автоматтандыру жүйесінде осы магистраль каналдарының барлығы да атқарылатын болса, онда бұрынғыдай шамамен есептеу емес, қазіргі таңдағы біздің мынау дәлдік цифрмен жұмыс атқару жағдайына келуге үлкен әсері, мүмкіндігі болады.

Былтыр өңірде суармалы суды заңсыз пайдаланған 400-ге жуық шаруашылыққа 75 миллион теңге айыппұл салынды. «Су арналарын цифрландыру жобасы жүзеге асқаннан кейін, әр тамшы суды бақылау мүмкіндігі артады», - дейді мамандар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин