Қызылорда облысында «Арал-Сарыбұлақ» су құбыры жаңартылады

Қызылорда облысында «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Бес жылға жоспарланған жоба аясында 238 шақырым магистраль тартылады. Жалпы өңірде ауыз су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде, деп хабарлайды 24KZ.

Еліміздегі ең ірі топтық су құбырының бірі – «Арал-Сарыбұлақ». Ұзындығы 238 шақырым болатын ауыз су желісі 1986 жылы іске қосылған. Бүгінде желінің 80 пайызы тозған. Жүйе Арал, Қазалы ауданындағы 160 мыңнан астам тұрғыны бар 61 елді мекенді ауызсумен қамтиды. Былтыр нысанның екінші желісін жүргізу жұмыстары басталды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бүгінгі күнге дейін 75 шақырымынан астам су құбыры салынған. Бұл құбырдың диаметрі 710 және 500 миллиметр болады. Мамандардың айтуынша, жаңа топтық су құбыры іске қосылған кезде Арал, Қазалы аудандарының тұрғындары үздіксіз сапалы сумен қамтамасыз етілмек.

Нысан құрылысына 120 адам мен 55 техника жұмылдырылған. Жаңа желі арнайы қысымға төзімді полиэтилен құбырмен салынып жатыр. «Бұл материал 50 жылға дейін шыдайды», – дейді мамандар.

Елдос Әбдуәлиев, «Мелиоратор» ЖШС учаске бастығы:

– Биылға 90 км салу көзделіп тұр. Қазір 53 км салып тұрғанда, арғы жағында 37 км жұмысымыз бар, желтоқсан айының 15-20-на дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Мамандардың айтуынша, бірнеше кезеңге бөлінген жоба 2029 жылға дейін жалғасады. Жалпы биыл өңірде ауыз су және кәріз жүйелерін жаңғырту бойынша тағы 7 жоба жүзеге асып жатыр.

Әбдіғани Абдуллаев, облыстық энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

– Нәтижесінде 77,7 шақырым ауыз су желісі және су бұру желілері жаңартылатын болады. Жаңартылған нәтижесінде ауыз су желісінің тозуын 33%-дан 31%-ға, су бұру желілері 32%-дан 30%-ға төмендету жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгінде облыстағы барлық ауыл орталықтандырылған ауыз су желісімен қамтылған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ оқыңыз: