Түркістан облысында су қоймалары мемлекет меншігіне қайтарылады

Түркістан облысында жекеменшікке өткен бірқатар су қоймалары мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұған нысандарға күтім болмауы себеп. Жалпы өңірде егін алқаптарын сумен қамтуға арналған 42 су қоймасы бар. Сонымен қатар балық шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланылатын 139 тоған тіркелген.

Бұл - Сауран ауданы Бабайқорған ауылы маңында орналасқан Сасық бұлақ су қоймасы. 1942 жылы салынған. 10 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Сыйымдылығы 4 млн 360 мың текше метр. 913 гектар аумақты ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Қазір су айдыны жүз пайыз толып тұр. Су қоймасы «Қазсушар» мекемесінің теңгерімінде. 

Жасур Әмірденов, "ҚАЗСУШАР" РМК Түркістан өндірістік бөлімшесінің басшысы: 

Өздеріңіз көріп тұрғандай, платинаның ішкі бетін темір бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілді. Платинаның үстіне асфальт төселді. Үйшіктерін соғып бердік, освещение, камералар істемей қалған жағдайда барлығын ауыстырып беріп отырамыз. Суару маусымына су қоймамыз дайын. Биылғы маусымды дұрыс жағынан өткіземіз деген ойдамыз.

Түркістан облысындағы 10 су қоймасы «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалына қарайды. Оның бесеуі Сарыағаш ауданында, 2-і Шымкент қаласы маңында, қалған үшеуі Қазығұрт, Отырар, Төлеби аудандарында орналасқан. Бұл су айдындары 37 мың гектардан астам егіс алқабын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді.

Жармахан Өктем, ҚАЗСУШАР" РМК Түркістан филиалы пайдалану бөлімінің басшысы:

Аталған 10 тоғанның 9-ы қалыпты жұмыс істеп тұр, біреуі апатты жағдайда. Ол - Сарыағаш ауданындағы Оймауыт су тоғаны. Оған 1 млрд 300 млн теңгеге жоба әзірленген. Қазіргі таңда қаражат күтілуде. Қаражат бөлінген жағдайда су тоғанын қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Аталған су тоғандарда су реттеушілер отырады. Олар қауіпсіздігін, келген су көлемін бақылап отырады.

Өңірдегі 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр. Оның 16-сы республикалық, 22-сі облыстық, 2-і аудандық коммуналдық меншікте. 4-і жекеменшікке қарайды. Мамандар осы су қоймаларының ішіндегі 16-ның жағдайы мәз емес екенін айтады. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал жекеменшік су нысандары мемлекетке қайтарылады. 

Нұрбол Мәмет, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Біз 4 жекеменшік су қойманы мемлекеттік меншікке алуға жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз. Өйткені жекеменшік су қоймалары жекеменшік қолында болғаннан кейін, оны күтіп ұстау шығындары, оның ремонты, оның жағдайына жекеменшік адамның шамасы жетпейді. Сондықтан қауіп бар, астында елді мекендер бар, ертең су толған жағдайда шайып кетуі де. Сондықтан мемлекеттік меншікке алып, жөндеу де, басқа да жұмыстарды атқаратын боламыз.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірдегі су қоймалары 86 пайызға толған. Су жинау жұмыстары вегетациялық кезеңге дейін жалғасады. Ал өткен ғасырда салынған 11 су қоймасы Ислам даму банкі арқылы қаржыландырылып, биыл күрделі жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов 24kz