Риддерде әлеуметтік дүкендер пайда болды
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік сауда орындары пайда болды. Дүкен сөрелеріне өңірлік тұрақтандыру қорынан босатылған көкөніс, сүт өнімдері қойылды.
Қазір Риддерде жуа-картоп, сұйық майды 10 пайыз жеңілдікпен сатып алуға болады. Ал Шемонаиха қаласының кәсіпкерлері жергілікті әкімдікпен бау-бақша дақылдарын тиімді бағамен сату жолдарын қарастырып жатыр.
Риддерде екі әлеуметтік дүкен құрылды. Жақында тағы екі шағын ауданда осындай сауда орындары ашылмақ. Көшеде картоптың бір келісі 220-240 теңгеден сатылса, әлеуметтік дүкенде бір келісі 177 теңге. Сәбізді нарықтағы бағадан 36 теңгеге, қырыққабатты 37 теңгеге арзанға алуға болады. Сұйық майдың да бағасы қолжетімді.
Өңірлік тұрақтандыру қорынан босатылған көкөніс пен азық-түлік сатылатын дүкендер тұрғындарға жақсы таныс. Көпшілік таңсәріден кезекке тұрып, керек затын алып жатыр.
Әлия Мағзұмова, сатушы:
- Тауарлар бізге таң атпастан жеткізіледі. Осы аралықта кісі кезегі қалыңдайды. Тұрғындар балғын күйдегі көкөністерді сөреге түскен бойда алып кетуге асығады.
Светлана Немцева, қала тұрғыны:
- Тұрғындар үшін мұндай сауда орындары керек. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік сатылатын орындардың іші кең әрі сауда жасауға ыңғайлы етіп салынса, тіптен жақсы болар еді.
Әлеуметтік дүкендерге азық-түлік тұрақты түрде жеткізіліп отырады. Осы мақсатта қала әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасаған. Құжатқа сәйкес сұранысы ең жоғары көкөніс және тағы басқа тағамдарға үстемақы 10-15 пайыздан аспауы тиіс.
Әсел Жұмабаева, Риддер қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:
- Оның ішінде қант, күріш, шемішке майы, бірқатар кәсіпкерде әлеуметтік жауапкершілік аясында көкөніс өнімдерімен қоса алғанда тауарлар нарықтық бағадан төмен бағада сатылады. Осы павильон ішінде бізде бакалея мен көкөніс тауарлары бар.
Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысында көкөніс кластерін құрыла бастады. Жоба Өскемендегі көтерме сауда орталығының қоймасынан көкөністердің делдалсыз, бөлшек сауда арқылы сатылымға шығаруды көздейді. Бұл бағытта дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге тұрақтандыру қорынан бөлінген 250 тонна картоп, 35 тонна сәбіз бен 40 тонна жуаны мамыр айының соңына дейін төмен бағада сату күн тәртібінде тұр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин