Алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа түріне көшті
Әккілер басшылар мен оқу орны өкілдері болып хабарласады.
ІІМ қазақстандықтарға алаяқтыққа қатысты маңызды ескерту жасап, дабыл қағып отыр.
Абай болыңыз! Елде алаяқтықтың жаңа түрі тарап жатыр. Әккілер айланың тағы бір тәсілін ойлап тапқан көрінеді. Бұл жолғы қауіп ірі компаниялар, мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының басшыларынан келеді деп сендіреді. Бұл қалай? Қаскөйлердің қармағына түсіп қалмау үшін нені білгеніңіз жөн? Дәл сізге керек ақпарды қазір айтамыз.
Әуелі әккілер айласын қалай жүзеге асырады. Соны тарқатайын. Қаскүнемдер бұл жолы өздерін басшылық қызметтегі тұлға ретінде таныстырып, басқарып отырған мекемеден жеке деректің тарап кеткенін айтып сенімге кіреді. Немесе қаржы қолды болады деп, жағдайды әдейі күрделендіріп көрсетеді. Дәл осы жерде абайлағаныңыз жөн. Олар Сізден жедел әрекет етуді талап етеді. Діттегеніне жету үшін психологиялық қысым жасайды.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:
- Байланыс операторларымен бірлесіп ҚР аумағында шетел мемлекеттерден алаяқтық қоңырауларды бұғаттауға жұмыс жүргізілді. Жүйенің іске қосылуынан бастап бүгінгі күнге дейін 100 млннан астам қоңыраулар бұғатталды.
Кейін “маман” немесе “құқық қорғау органдарының қызметкері” хабарласатынын айтып, нұсқауларын бұлжытпай орындауды талап етеді. Қараша халықтың жинағанын “қауіпсіз шоттарға” аударуға көндіреді. Ақшаны алған кейін, байланыс бірден үзіледі. Қазіргі таңда ІІМ дабыл қағып отыр.
Алаяқтар заманауи технологияларды кеңінен қолданып жатыр. Соның ішінде нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты әр түрлі тәсілдермен азаматтарды алдайды. Енді қалай қорғанамыз? Алдымен қарапайым ережені қаперден шығармаңыз!
Дербес деректі, жеке картаның мәліметтерін, кодтарды, құпия сөзді ешкімге айтпаңыз. Күмәнді ақпарат бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау қажет. Құзырлы орган қызметкерлері азаматтарға бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Әрбір азамат саналы әрі сақ болу керек, Құқықтық сана - қылмысқа тосқауыл.