Зейнетақының шекті мөлшері көтерілуі мүмкін
Зейнетақы қорындағы артық ақшаны шешіп алу қиындай түседі. Қазір елде жаңа ереже жазылып жатыр.
Енді жинақтағы ең төменгі жеткілікті шек көтерілуі мүмкін. Яғни қордағы қаражатты үй алуға немесе емге жұмсау үшін көбірек еңбек ету керек болады деген сөз.
Бұған отандастарымыздың жеке жинағындағы қаражатын жаппай шешіп алуы себеп болып отыр. Кейінгі бес жылда олар қордан бес трлн теңге алған. Оның бір трлн теңгесі жастарға, яғни 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. Бұл олардың қоржынындағы қаржыны азайтып, қартайғанда таршылық көруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан министрлік зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін көтермек.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Жастар бір трлн теңге шешіп алған. Жылына орта есеппен 35 жасқа дейінгі 148 мың азамат зейнетақы қорынан қаражат алса, бес жылда олардың саны 500 мың болады. Қазір елде шамамен алты млн-ға жуық жас болса, бұл солардың 8 пайызы деген сөз. Бұл үрдісті назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені олар қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалуы мүмкін.
Яғни болашақта кей отандасымыздың зейнетақысы күнелтуге де жетпей қалуы мүмкін. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағылар бұған бірнеше себеп бар екенін айтады. Мәселен, табысын жасыратын, яғни ресми жалақыдан бас тартып, еңбекақысын конвертпен алатындар, ұзақ уақыт жұмыссыз жүретіндер мен жинақсыз азаматтар да қартайғанда таршылық көруі мүмкін. Сондай-ақ отандастарымыздың қордағы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп алуы да келешек қоржынының түбін тесіп барады. Жылдар өте оның зардабы ауыр тиеді, - дейді қордағылар.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» басқарушы директоры:
- Қордан шешіп алған қаражат қайтарылмайды. Өйткені ол жұмсалып кетті. Сондықтан адамдар болашақ зейнетақысы қандай болатынын қазірден бастап ойлауы керек. Қордағы қаражатты алмас бұрын оның шын мәнінде қажеттігіне көз жеткізіп алу маңызды. Кей азаматтар ол ақшаны ипотекаларын жабуға жұмсады. Олар сол несиесін жалақы мен басқа табысынан төлеуіне болатын еді. Бірақ асығыс шешім қабылдап, жинағын бүгін жұмсап жіберді. Енді қартайғанда оның зейнетақысы аз болады.
Бұл жағдайға сарапшылар да алаңдап отыр. Себебі көпшілік арқасын кеңге салып , зейнетақысына алаңдамайды. Қазір жиналған қаражатына қартайғанда қанша жыл бақуатты өмір сүре алатынына бас қатыратындар саусақпен санарлық. Сондай-ақ зейнетақы жүйесіне сенбейтіндер де бар. Сондықтан жаңа жүйе бойынша зейнетақы алатын азаматтардың көбі қиындыққа тап болуы мүмкін дейді қаржыгер Венера Жаналина.
Венера Жаналина, Қаржыгер:
- Инфляцияны қоса есептеп қарасақ зейнетақының табысы аса жоғары емес. Біз 10-20-30 жылдан кейін қалай өмір сүретінімізді ойлауымыз керек. Жинақтарымыз сол кезде тарықпай өмір сүруге жете ме? Халықаралық формулаға салсақ біздің зейнетақы жеткіліксіз. Сондықтан көп азамат 80-85 жасына дейін зейнетақы жинағын тауысып қояды.
Қаржы саласының сарапшысы Айбар Олжай да әріптесінің пікірін қолдайды. Себебі, қазір елде үш түрлі зейнетақы бар. Біріншісі базалық. Яғни ол барлық зейнет жасына жеткендерге беріледі. Одан кейінгі ортақ зейнетақы. Ол 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға арналған. Адамның еңбек өтілі көп болса, ортақ зейнетақы сомасы да соғұрлым жоғары болады. Содан кейін кәдімгі біз айтып отырған жинақтаушы зейнетақы. Келешекте олардың саны азаяды.
Зейнетақы түрлері
Базалық зейнетақы
Ортақ зейнетақы
Жинақтаушы зейнетақы
Айбар Олжай, сарапшы:
- 1998 жылы еңбек нарығына келмей тұрған бала зейнет жасына қашан келеді? Шамамен ол 2040 жылдары келеді. Сол кезде сол адамдар ең бірінші системаға ілініп, система жұмыс істей бастайды. Олар зейнетке шыққаннан кейін толық бір система цикл деп аталады. Біз 2040 жылы бірінші циклды айналып өтеміз. Сол кезде біз бірінші циклды дұрыстап, ешқандай төтенше жағдай болмай, ақшамыз болмай қап, адамдарға төлейтін ештеңе бөлмай қалмай, осы жүйені толық дұрыстап өткізе алсақ, ол әрі қарай оңай болады. Екінші, үшінші циклдарды біз айналдырып өткізе береміз.
Сондықтан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жинақтардың ең төменгі жеткілікті шегін көтеру бойынша жоба дайындап жатыр. Ол қазір қоғам талқысына шығарылды. Жоба бойынша шекті мөлшерді 10 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Осылайша, халықтың жинақтарын көбірек сақтауға итермелеу көзделген.