Семейде «Тұрғындар аманаты» жобасы басталды

AMANAT партиясының бастамасымен Абай облысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы басталды.

Бүгін жоба аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында облыстық форум өтті. Іргелі жиын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің нақты тетіктерін айқындауға бағытталды. Форум ашық пікір алмасу форматында өтіп, оған облыс басшылығы, сала мамандары мен басқарушы ұйым өкілдері қатысты. 

«TURGYNDAR AMANATY» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларына арналған «OSI-SKILLS» оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Цифрландыруды, сервистік қызмет сапасын арттыру бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілмек.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Жоба аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару процестерінің ашықтығын арттыру, тұрғын үйлерді басқару, қаржылық есептілікті цифрландыру, тұрғындардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сервистік қызметтердің сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар қарастырылған.

Абай облысы бойынша 2 084 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген, оның 734-і кондоминиум ретінде рәсімделген. Соңғы үш жыл ішінде 122 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Семей қаласында 1 588 көпқабатты үй бар, оларға 630 басқарушы ұйым мен сервистік мекеме қызмет көрсетеді.

Ержан Жылқыбаев, AMANAТ партиясының хатшысы:

- Бір сөзбен айтқанда, біздің негізгі мақсатымыз осы тұрғындар аманаты жобасы аясында көпқабатты пәтерлерде тұратын азаматтардың күнделікті тұрмысын жақсарту. Яғни кооперавтив иелері мен төрағаларының арасындағы жүйелі байланысты жолға қою.

Соңғы кезеңде 89 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылып, 7 лифт ауыстырылған, ал алдағы уақытта тағы 10 лифтіні жаңарту жоспарланған. Жалпы «TURGYNDAR  AMANATY» жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков