«Таза Қазақстан»: Ақкөлдегі экологиялық шара

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы Ақмола облысында қарқынды жалғасып жатыр.

Бүгін Ақкөл қаласындағы орман-саябақ аймағында ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Жұртшылық «Таза өлке» акциясы аясында екі гектарға жуық аумақты ретке келтірді. Бұл бастама тек қоқыс жинау емес, қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертуді көздейді, - дейді ұйымдастырушылар. 

Назарбек Көкенұлы, Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты:

- Бүгінгі күнге шамамен 500-ден астам Ақкөл тұрғындары атсалысып жатыр. Бүгінгі іс-шараның негізгі ерекшелігін атап өткім келеді. Ақкөл аудандық мәслихат депутаттары осы шараға кішкентай балалардың қатысуын сұрадық, ол туралы біз ата-аналарына мектеп ұйымдарына айттық. Яғни ол келешек ұрпаққа табиғатты қорғауға, табиғатты аялауға тазалық сақтауға жауапкершілікке тарту үшін таптырмас тәрбие деп санаймын.

Данияр Тұңғышбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 55209 Әскери бөлім батальоны командирінің орынбасары, штаб бастығы, майор:

- Өзімізбен бірге қазір 50 жауынгер келді. Ол 50 жауынгер қойылған тапсырманы орындайды. Мақсаты Ақкөл қаласын таза ұстау, өз үлесін келтіру және табиғатқа деген сүйіспеншілігін көрсету, біздің Қазақстанды көркейту және жасылдандыру деп есептейміз.

Санаулы сағат ішінде 80 қаптан астам тұрмыстық қалдық жиналды. Ортақ іске Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлімнің сарбаздары да үлес қосты. Ұйымдастырушылар Ақкөл ауданындағы мұндай экологиялық іс-шара алдағы уақытта да жүйелі жалғасатынын алға тартты. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір реттік акциямен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруды көздейді.