Ақтөбе тұрғыны қаланы алмалы баққа айналдырмақшы
Кәсіпкер мектептер мен балабақшалардың аулаларына, саяжайларға жеміс ағашының көшеттерін егуді ұсынады. Ол жерсінген ағаш сорттарын тегін таратуға да дайын.
Александр Гаращенко – білікті бағбан. Ес білгелі жеміс ағаштарын егіп, мол өнім алып жүр. Өзі Ақтөбеде алма бағы көп болғанын қалайды. Сондықтан «Жемісті қабырға» жобасын қолға алып, қызығушылық танытқандарға бау-бақша өсіруді үйретеді. Көшеттерді де тегін таратуды көздейді. Ол үшін ені – 1,5, ұзындығы 20 метр болатын алаң қажет.
Александр Гаращенко, қала тұрғыны:
- Біз жер телімдерін жыртып, тыңайтқышын салып, дайындап қойдық. Ендігі міндетіміз – көшеттерді егу. Бірнеше жыл қатарынан көктем мен күз айларында бұтақтарын кесуді өз қолыма аламын. Қандай дәрумен, тыңайтқыштардың қажет екенін, зиянкестерден қалай қорғау керек екенін де үйретемін. Көшеттердің арасы шамамен бір метрдей болады. Қатар еккеннен кейін алмадан қабырға қалағандай әсер болуы тиіс.
Жасыл жоба аясында 25 жер телімі белгіленді. Алма бағы балабақшалар мен мектептер, колледждердің ауласына егіледі. Жазғытұрым әрқайсысында 20 көшеттен жайқалып тұруы тиіс.
Айсәуле Байділдина, Бөбекжай балабақшасының әдіскері:
- Бұл жобаның бізге тиімділігі балалар өз көздерімен көріп, осы жобаға қатысып ағаш отырғызады. Оларды жаз бойы күтіп, баптап, суарып отырады. Бұл балалардың бойына еңбекқорлық қасиетін сіңіруге өте көмектеседі деп ойлаймын.
Қуантқан Кенжалин ауласына алма ағашын бірнеше рет еккен. Алайда көшеттердің тамыры жайылмай тез қурап қалған. «Базардағы сұрыптары Ақтөбенің ауа райы мен топырағына жерсінбеген», - дейді. Сондықтан Александр Гаращенконың жобасына үміт артып отыр.
Қуантқан Кенжалин, қала тұрғыны:
- Сорттарымыз біздің климатқа қалай келетінін білмеймін, сондықтан осы жобаның ішінде айтылғаны өзіміздің Ақтөбе облысына, Ақтөбеге жарайтын алма, жидектерді отырғызамыз деген соң келдім. Екіншіден, үйренуім керек агротехника жағын.
Алма ағаштары алдағы аптада егіледі. Көшеттердің күтімін өз мойнына алған Александр Гаращенко тамырын тереңге жайып, жайқалып өсеріне сенімді. Сондықтан келер жылы жобаға қатысушыларға тағы 500 алмұрт көшетін үлестіруді көздейді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов