Таза Қазақстан: жағажай қоқыстан тазартылды
Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шеңберінде «Астана Жастары» бүгін сенбілікке шықты.
Жастар ресурстық орталығының өкілдері, студенттер мен волонтерлер Есіл өзенінің бойын қоқыстан тазартты.
Таңмен таласа тұрған белсенді жастар қолына күрек пен қап алып, Есіл өзенінің Сарыарқа ауданына қарасты жағажайын бір шолып шықты. Екі-үш сағат ішінде 2,5 тонна қоқыс жиналды. Жергілікті тұрғындарға айналаны таза ұстау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Игі іске 200 астам адам қатысты.
Самат Ибраев, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқарманың басшысы:
- «Таза Қазақстан» бағдарламасы елімізде осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жазда да, қыста да жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Белсенді жастардың арқасында жазда жасыл желек ексек, көктем мен күз айларында айналаны абаттандырамыз. Ал қыста көшелер мен үй аулаларын қардан тазартамыз.
«Таза Қазақстан» бастамасы тек экологиялық қана емес, идеологиялық сипатқа да ие екені белгілі. Бұл бағдарлама жастарды есірткі мен алкогольге және құмар ойынға деген тәуелділіктен бас тартуға шақырады.
Анар Мурзабаева, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
- Ой-өрістің, сананың тазалығы. Сондықтан жастарға тәлім-тәрбие беріп жатырмыз. Тазалық жерден басталады, елден басталады. Елге деген махаббат содан басталады деп ойлаймыз.
Экологиялық науқан шағын концерттік бағдарламамен және эко-куизбен жалғасты. Ал жеңімпаздар мен белсенді волонтерлер алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шара соңында жастар «Таза Қазақстан» акциясының үлкен туын жайды.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Абдулхамит Бөлекбаев, Ділмұрат Сейдаханов