Жетісу облысы – туристер қызығатын өлке
Биыл Жетісу облысына 2 млн-нан астам турист келеді деген болжам бар.
Саяхатшылардың басым бөлігі Балқаш пен Алакөлге шомылып, «Алтынемел» мен «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің көрікті жерлерін тамашалайды. Туристерге қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды дамыту үшін 30 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.
Жаркенттегі көне мешіт еліміздегі ерекше әрі көне сәулет өнерінің ескерткіші. ХІХ ғасырда Хон Пик есімді шебердің жетекшілігімен тұрғызылған ғимарат бүгінде тарихи-мәдени мұражайға айналды. Шегесіз салынған архитектуралық кешеннің ашылмаған сырлары көп.
Ақан Оймауытов, Мәдениет саласының ардагері:
- Кейбір бояуларының қызыл, жасыл, сары, өсімдіктен шөптен алған. Соның бір кереметтілігі ол ағаштың бетіне қылқаламмен жаққан кезде ол ағаштың ар жағына сіңіп кетеді. Бер жағында қалып қалмайды. Қазіргі бояулар ағаштың бетінде қалады да ыстық суықта күн сәулесі тисе жарылып кетеді. Қазіргі біздің шеберлер оның құпия сырын біле бермейді.
Жаркент көне мешітінің жалпы аумағы 1500 шаршы метрден асады. Ал биіктігі 14 метрден асады. Қарағайларды қиюластыру арқылы тұрғызылып бірнеше мәдениетті ұштастырған ерекше сәулет ескерткішін көруге жылына 11 мыңнан аса адам келеді.
Розыхан Әрзиева, турист:
- 2022 жылы да келіп танысып кеткенбіз. Тағы келдік. Жақсы.
Әли Машаушың, турист:
- Қазақстан күннен күнге жақсы болып келе жатыр. Бірінші келгенде онша жақсы емес еді. Қазір күннен күнге жақсы болуда. Әрдайым өзгеріс бар.
Панфилов ауданындағы «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы да адам аяғы үзілмейтін туристік аймаққа айналған. Екі мемлекеттің шекарасы түйіскен жерге жыл сайын Қытайдан 6 млн, Қазақстаннан 2 млн адам келеді.
Ерлан Нарынбаев, Панфилов аудандық Туризм бөлімінің басшысы:
- Қорғас шекара маңы халықаралық сауда орталығында жалпы көлемі 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан болса, оның 8 жобасы қазірдің өзінде қолданысқа берілді. Аталған жобалардың басым көпшілігі ойын сауық орталықтары, қонақүйлер, медицина орталықтары және тағы басқалары.
Жетісуда тынығатын туристің көбі Алакөлге барады. Қазір көл жағалауында құрылыс қызу. Кәріз суларын тазалайтын станция тұрғызылып, Ақши мен Көктұманы су басудан сақтайтын 13 шақырымдық бөгет салынып жатыр.
Әсет Махатұлы, Ақши ауылының тұрғыны:
- Ауылға бірде бір пайдасы бар деп айта аламын. Ауыл халқы үшін ғана емес, сырттан келіп жатқан демалушыларға да қолайлы. Әр жерден 400 метр сайын түсетін баспалдақтар бар. Жағалауды да үлкейтті. Түсетін орын кең.
Балқаш көлінің жағалауында да келушілерге қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жол салынып, электр желілері жүргізілді. Тазалығына жауапты мекеме құрылды.
Сәкен Түкібаев, облыстық Туризм басқармасының басшысы:
- Былтыр 30,2 млрд теңге бөлінсе, биыл 30,4 млрд теңге бөлініп отыр. Ақша инроқұрылымдық жобалар бар. Экопарктар салынуда. Балқаш көліндегі үш коммуналдық пляждың ақшасы. Алакөл тазалық және Балқаш тазалық мекемесінің техникасын сатып алуға және инвестициялық жобалар.
Тау туризмі «Алтынемел» мен «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағында кеңінен дамып келеді. Биыл тұмса табиғат аясында тынығатындар үшін жаңа бағыттар мен арнайы «Visit» орталығы ашылады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов