Қостанай жұртшылығы жаппай сенбілікке шықты
Әсіресе облыс орталығындағы триатлон саябағын қоқыстан тазартуға келген халықтың қарасы қалың болды.
Сол жерде жауапты мамандар «Таза Қазақтан» бағдарламасы аясында өңірде атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, алдағы жоспарларын баяндады.
Екі жыл бұрын өзен жағалауына жақын бұл аумақты қаулаған қамыс, шөп басып жатыр еді. Қазір Триатлон саябағы адамдардың демалып, серуен құратын сүйікті орындарының біріне айналған. Облыс бойынша айтар болсақ, соңғы үш жылда 94 саябақ, 400-ден астам балалар және спорт алаңдары салынған. Алдағы жоспар одан да ауқымды. Биыл елді мекендерде 77 мың көшет егіп, 37 көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру көзделіп отыр.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Осы жылы тағы бір үлкен жобаны бастап жатырмыз, Президенттің тапсырмасына сай, үлкен жоба – экопарк, ол Мичурин ауылының қасында. Сол парктің көлемі 40 гектардан асып кетеді. Ол жерге де қаражат бөлініп, адамдардың спортпен айналысуына, жаяу жүруіне, велосипедпен жүруіне біраз жағдай жасалатын болады.
Триатлон саябағын тазалауға мыңға тарта адам қатысты. Облыс басшылары, түрлі сала қызметкерлері 40 гектарға жуық аумақтың қураған ағаш, шөбін жинап шықты.
Несібелі Басенова, Қоғамдық кеңес мүшесі:
- Осындай іс-шараға қатысу әр азаматтың азаматтық парызы деп есептеймін. Өзінің тұрып жатқан жеріне, айналасына таза ұстау маңызды деген сияқты. Мен әрдайым еріктілермен бірге осы экосенбілікке міндетті түрде келуге тырысамын.
Жаз бойына адамдардың көп келетін орыны, ол-жағажай. Қазіргі кезде сол демалуға, шомылуға арналған жерлерді тазартып, барынша жағдай жасау - басты назарда.
Марат Жүндібаев, Қостанай қаласының әкімі:
- 2024 жылғы су тасқынынан кейін жағажай аумағында үлкен жұмыс атқарылды. Набережный мен Шағала жағажайларын қосып, жаяу жүргінші жолын 2,5 шақырымға ұзарттық. Жағажай көлемі 5 есе ұлғайтылды. Адамдарға ыңғайлы, жайлы болуы үшін киініп-шешінетін, жатақ орындар, дәретханалар қойылды.
Триатлон саябағы тағы бір спорт нысанымен толыққалы тұр. Бүгін мұнда заманауи футбол стадионының құрылысы басталды. Оның алғашқы кірпішін облыс басшысы Құмар Ақсақалов өз қолымен қалады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг