ЖИ инсультті анықтауға көмектеседі
Ақмола облысының дәрігерлері инсульттің диагностикасына жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалануды бастады.
«Cerebra AI» атты бағдарлама мидың компьютерлік томографиямен түсірген суреті арқылы сырқатты анықтап береді. Жаңа технология өңірдегі екі медициналық мекемеде енгізілген.
Маринов ауылының тұрғыны Күләш Сәрсембаева Атбасар аудандық ауруханасына инсульт диагнозымен түскен. Бұрын медицина қызметкері болған ол аурудың алғашқы белгілерімен жақсы таныс. Соның арқасында жедел жәрдемге уақытылы хабарласып, қажетті көмекті дер кезінде алған.
Күләш Сәрсембаева, Маринов ауылының тұрғыны:
- Қандай ауруға шалдыққанымды шамаладым. Уақыт созуға болмайтынын түсініп, дәрігерлерге хабарластым. Бірден осында жатқызып жедел емдеу шараларын бастады.
«Инсульт кезінде әр минут маңызды», - дейді дәрігерлер. Жасанды интеллект мидағы ауру ошағын дәл әрі тез көруге мүмкіндік береді. Егер бұрын зерттеу жұмыстарына 40-50 минут кетсе, қазір жасанды зерде жүйесі арқылы ауруды анықтауға 5 минут жеткілікті.
Эльмира Марденова, Атбасар ауданаралық ауруханасының инсульт орталығының меңгерушісі:
- «Cerebra» әрине біздің жұмысымызды жеңілдетті. Біз миға қан құйылды ма, тромб қалыптасты ма, әлде ишемиялық инсульт бар ма, соны тез анықтап қажетті көмек көрсетеміз. Жасанды зерденің арқасында диагностика сапасы едәуір жақсарды.
Инновациялық жобаны облыстық көпбейінді ауруханада да қолдануда. Күн сайын мұнда 15 науқасты қабылдайды. Барлық дәрігердің смартфондарына арнайы мобильді қосымша орнатылған. Осы арқылы дәрігерлер кеңесе отырып, шешім қабылдайды.
Арсыланбек Жайылғанов, облыстық көпбейінді ауруханасының невролог дәрігері:
- Науқастар келіп түскенде инсульттің түрін ажыратып, қажетті көмекті тез бастаудың маңызы ерекше. Әсіресе түнде дәрігер-радиолог жоқ кезде, енді мәліметтерді 3 минутта интерпретация жасай аламыз. Осы арқылы сырқаттың өмірін сақтап қаламыз.
Дәрігерлердің айтуынша, медицинада жасанды интеллектіні пайдалану маман тапшылығы мәселесін де шешеді. Қазір «Cerebra AI» бағдарламасын аймақтағы 5 инсульт орталығының екеуі орнатқан. Жыл соңына дейін жаңа технологияны тағы екі орталықта енгізбек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Арайлым Шытырымбек, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный