ШҚО-да Күршім өзенінің деңгейі күн санап көтеріліп келеді

Шығыс Қазақстанда Күршім өзенінің деңгейі күн санап көтеріліп келеді. Әзірге елді мекендерге қауіп жоқ. 

«Алайда жол қатынасында қиындық болуы мүмкін», - дейді мамандар. Жолды су шайып кетсе, сол маңдағы ауылдар аудан орталығымен байланыссыз қалады. Сондықтан өзен ағысын ескі арнасына қарай бұру жұмыстары жүріп жатыр. 

Күршім бастауын Сарымсақты, Алтай, Күршім тауларынан алады. Көктем сайын тау суы мен қар суы қосылғанда өзен күркіреп ағып, арнасынан асады. Бақылап отырмаса, бір сәтте жолындағысын жайпап өтуі мүмкін. Оның үстіне тамырымен опырылып, суға түскен ағаштар ағысқа кедергі болады. 

Жақсыбай Ыдырышев  арқыраған өзеннің ағысына қарсы тұрып, ауыр техникамен ары-бері  өтеді. Қазір мұнда маңызды жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – арнасынан ауытқыған Күршімді бұрып, ескі жолына салу. 

Жақсыбай Ыдырышев, мердігер мекеме өкілі:

- Ұзындығы 700-800 метр тереңдігі 2 метрден, 40 метр жалпақтықта қазып шықтық материал болғанда сол тоғайлар судан шыққан гравилер пайдаланамыз. Бурабай  Маралды тас жолын су басып қалмау үшін судың бағытын өзгертіп жатырмыз.

Өткен күзде су көтеріліп, жолды басып қалған қалған еді. Қазір де өзен жолға қарай жайыла бастады. «Демек жеделдетпесе болмайды», - дейді мамандар.

Талғат Бақтияров, Абай ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі уақытта бізде өлшеуіш бар, 35см  көрсетіп жатыр, ең қауіпті жағдай 1м, бірден асып кетсе, ол өте қауіпті жағдай. Оған дейін апармас үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлініп өте қауіпті учаскелерде жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2.26 резервтен 24 миллион теңге ақша бөлініп қазір мердігерді тауып ақшаны игеріп жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Тасыған өзеннің арнасын бұру оңай емес. Жұмысшылар  бар күшті жұмылдырып жатыр. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл жердегі шаруаның жылдам жүруі Күршім өзенінінің ағысына тәуелді. Қазір техника күнделікті жұмыс істеп жатқанмен сәуірдің 15-не қарай мүлдем тоқтап қалуы да мүмкін. Өйткені ол кезде өзен деңгейі күрт жоғарлап, тура осы жиекке дейін жетеді. «Тек мамырдың соңына қарай су қалыпқа түсіп, арнаны бұру шаралары жалғасады», - дейді мамандар.

Теректібұлақ ауылының тұрғыны Әлихан Смағұлов Күршімнің тасығанын талай көрген. Содан болар, көктем сайын жағаға келіп, бақылап жүреді. «Бастысы жолды шаймай, көпірді құлатпай, өзен өз бетімен ағып жатса болды», - дейді ол. Өйткені жүздеген адамның тірлігі осы тасжолға қарап тұр.

Әлихан Смағұлов, Теректібұлақ ауылының тұрғыны:

- Бұл – өте қауіпті. Бұл енді дер кезінде істетіліп жатқан жұмыс деп ойлаймын. Өйткені  мына алдарыңыздағы тас жол Күршім Теректібұлақ ауылын жалғайтын 15 км жалғыз ғана жол. Бұл жолы шайып кетсе, басқа ауылға баратын балама жол жоқ.

Қар еріп жатқанмен облыс аумағының 30 пайызында жер әлі қараймады.  Демек арқаны кеңге салуға ерте. Құтқарушылар өлкедегі өзен-көлдердің деңгейін, қар қабатының өзгерісін күн сайын әуеден барлап жүр. Оған қоса 51 гидробекет тәуліктік режімде монтиронинг жүргізіп отыр. Өйткені тасқын болу қаупі жоғары 71 елді мекен бар. Әзірге су басу жағдайы тіркелген жоқ. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов