Елімізде киберқылмыс өршіп тұр
Былтыр елде 47 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелді. Әсіресе киберқылмыс өршіп тұр. Былтыр құқық бұзушылықтың бұл түрі 24 пайызға артқан.
Ал келтірілген залал көлемі 6 млрд теңгеден асады. Алаяқтық ірі қалаларда көбейіп барады.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Елдегі әрбір үшінші қылмыс – алаяқтық. Ал әр төртінші құқық бұзушылық киберқылмысқа қатысты. Былтыр 47 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркеліп, қараша 6 млрд теңгесінен қағылды. Әсіресе интернет алаяқтық белең алып барады. Өткен жылы мұндай 28 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді. Айталық, бір жылда алаяқтар қазақстандықтарға 84,5 млн мәрте қоңырау шалған. Бұл – анықталып, алдын алынғаны ғана. Осынша қоңыраудың жолы кесіліп, 19 млн-нан астам абонент бұғатталды. Дегенмен босаңсуға болмайды. Кибер қылмыс қарқын алып, түрленіп барады. Жауаптылар осылай дейді.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:
- Қаскөйлер өздерін құқық қорғау қызметкерлері, банк секторының өкілдері және басқа ұйымдардың қызметкерлері ретінде көрсету үшін ұқсас суреттерді, аудио материалдарды жасау мүмкіндіктерін белсенді түрде қолданып жатыр. ІІМ, Банк қызметкерлері ешқашан бейне қоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операцияларды жүргізуді ұсынбайтынын жеткізеді.
Айыппұл алаяқтарға аударылып келген
Тіпті пысықайлар eGov мемлекеттік порталының да атын жамылып, қарашаның қаржысын қолды қылуды меңгеріпті. Айталық, алдымен азаматтардың ұялы телефонына хат келеді. Онда айыппұл арқалағанын айтып, төлеу үшін сілтемеге өтуді ұсынады. Сілтеме ресми eGov порталына ұқсайды, бірақ шын мәнінде жалған сайтқа жетелейді. Кез келген көлік немесе ЖСН номерін енгізген кезде айыппұл туралы жалған ақпаратты автоматты түрде көрсетеді. Ал «Төлеу» батырмасын басқан сәтте алаяқтар ақшаны аударатын банктік картаның толық мәліметтерін сұрайды. Осылайша, картаңыздағы қаржыны қағып түседі.
Нұр Бауыржанов, Абай облысы ПД Семей қаласы ПБ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел уәкілі:
- Бұл – жалған сайт. Кез келген дерек енгізгенде айыппұл бар деп көрсетіп, банк картасының мәліметтерін сұрайды. Полиция ескертеді, мемлекеттік органдар СМС арқылы жеке деректерді талап етпейді. Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз, жеке ақпараттарды енгізбеңіз. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында алаяқтықтың жаңа түрін анықтап, профилактикалық жұмыстар жүргізе бастады.
Алаяқтарға алданғандардың 87% зейнеткерлер
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Оңай олжаға ауызданғандар халықтың қалтасына түсуді кәдуілгі кәсіп етіп алған көрінеді. Ең сорақысы, жапа шеккен жұрттың дені – зейнеткерлер. Алаяқтарға алданғандардың 87 пайызы алпыстан асқан жандар. Мәселен, былтыр 47 зейнеткер тұрғын жайын сатып, түскен табысын алаяқтарға ұстата салған.