Түркістан облысында МӘМС қаржысын жымқырғандар анықталды

Түркістан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаржысын жымқырғандар анықталды. Сондай-ақ лицензиясыз консультациялық-диагностикалық қызмет көрсеткендер әшкереленді.

Облыс прокурорлары мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдарын тексеріп шықты. Кейбір жекеменшік клиникалар рұқсат құжатынсыз 28 мыңнан астам адамға консультациялық қызмет көрсетіп, 91 млн теңге көлемінде ақша тапқан. Тергеу нәтижесінде келтірілген шығын өтелді. Бірнеше клиника жалған стоматологиялық қызмет үшін 203 млн теңге алғаны анықталды.

Алмаз Сағындықов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникада бір мезгілде ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» тіркелген. Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған жауаптар мұндай деректердің жалған екенін растады. Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдар сотқа жолданды.