Балқашты жағалап, Алакөлге баратындар көп
Туризм десе, өз еліміздегі тұмса табиғат, тау мен тасы ойға келеді. Демалам десең жазда Балқаш, Алакөл, қыста Алматы мен Бурабайға жетер жер жоқ.
Шығыста Қатонқарағай, батыста Маңғыстау, оңтүстікте Түркістан, айта берсең барар, көрер қызық жеткілікті. Ішкі туризм кейінгі жылдары өсе бастады. Мәселен, бір жылда ел ішіне саяхаттағандардың саны 1 миллионға көбейген. бұл сан биыл да ұлғаяды. Ал біздің туристік өңірлер маусымға қаншалықты дайын?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Биыл ішкі туризмге сұраныс артуға тиіс. Себебі түсінікті. Жұрт бұған дейін жиі барған Таяу Шығыстағы қақтығыстың әзірге басылар түрі жоқ. «Сондықтан алдағы жазда ел ішіндегі өзен-көлді жағалайтын халық саны күрт өсуі мүмкін» дейді сарапшылар. Кейінгі жылдары Алакөлге жұртшылық назары ерекше ауып тұр. Бірақ бұған дейін көл маңындағы сервис Президенттің сын садағына іліккен еді. Мемлекет басшысы қызмет көрсету сапасынан бастап, экология мәселесіне де тоқталды. Іле-шала жауапты органдар көлді дамыту бойынша үш жылға арналған жол картасын әзірледі. Яғни 2029 жылға дейін туристерді қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 75 мыңға жетуге тиіс.
Бекжан Бапышев, Абай облысы Туризм басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күні қолданыстағы 300 гектарды 3 мың гектарға дейін жеткізсек, келе жатқан туристердің санын 75 мыңға тәулігіне жеткізетін болсақ, бұл осы Алакөл жағажай аумағының дамуына бір үлкен серпіліс береді деген ойдамыз. Былтырғы жылы Алакөл жағалауының дамуына бюджеттен 1 млрд қаражат бөлінетін болса, бүгінгі күні бюджеттен мына шомылу маусымына дайындық есебінен 10 млрд қаражат толығымен бөлінді.
Жалпы кейінгі жылдары ішкі туристер көбейіп келеді. Мәселен, былтыр ел ішінде демалған адам саны 1 млн-ға өсіп, 10 млн-нан асты. Ал шетелден келген саяхатшылар 132 мыңға артып, 1 млн 400 мыңға жетті.
Қазір елде маусымдық емес, жыл он екі ай жұмыс істейтін туризмді қалыптастыруға көңіл бөлініп отыр. Яғни Алматы тау кластері, Маңғыстау мен Бурабайда тиісті инфрақұрылым құрылуы қажет. Үкімет курортты өңірлерді дамыту бойынша 2029 жылға дейінгі жол картасын бекітті. Бұл картада 114 іс-шара бар. Қызмет деңгейін көтеру, жол сапасын жақсарту, теміржол және әуе байланысын көбейтуге күш салынады. Мұндағы әр міндет құзырлы органдар бақылауында тұр.
Айдын Қапашев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
- Тексеріс жүргізілді. Екі рет жүргізілді. Президент әкімшілігінің инспекторларымен бірге, бүкіл министрліктермен бірігіп сол әр аймақты тексеріп шықтық. Сондай сын-ескертпе берілді. Енді жұмыс атқарылады деп сенеміз. Инфраструктура, инфрақұрылым бойынша әр әкімдік жұмыс атқаруы керек.
Былтыр 26 ішкі әуе бағытына субсидия төленді. Оның 30-40 пайызы Алакөл, Каспий, Бурабай және Алматы сияқты туристік аймақтарға апарады. Соның арқасында аталған өңірлерге баратын туристер көбейген. Туризм және спорт министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтыр ұшақпен қатынайтын турист саны 50 пайызға дейін өсті. Қазір елде үш әуежай құрылысы жүріп жатыр. Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағайдағы нысандар биыл қолданысқа беріледі. СНХ.
Ержан Ғалымжанов, ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Барлық әуежайлар халықаралық талаптарға сәйкес салынып жатыр. Бұл сағатына 150 жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігін береді. Туристік әлеуетті артуы үшін субсидия қарастырылған. Әуежай салынып болғаннан кейін бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Туризмді дамытуда бар мәселе қаржыға тіреледі. Сондықтан инвестиция тарту – күн тәртібінде тұрған басты міндеттердің қатарында. Былтыр инвестиция сомасы 33 пайызға жуық өсті. Жыл ішінде 947 млрд теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Биыл да өсуге тиіс.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап, Сержан Нарешов