Алакөлде интернет сапасы жақсарады

Биыл Алакөл жағалауында сапалы интернет желісі қосылады. Бұған дейін демалушылар байланыс сапасының төмендігіне жиі шағымданып келген еді.

Қазір мамандар жаңа құрылғыларды орнату жұмыстарын бастады. Жалпы туристік маусымға дайындық қарқынды. Көп жылдан бері қордаланған қоқыс мәселесі де шешімін тауып, Алакөлден 16 шақырым қашықта жаңа қоқыс полигоны салынып жатыр. Қоқыс шығаратын компаниямен үш жылдық келісімшарт жасалып, аумақты тұрақты әрі уақытылы тазалау мүмкіндігі қарастырылған. 

Бұдан бөлек, Үржар әуежайында жөндеу жұмыстары қолға алынды. Нысанды жаңғырту нәтижесінде демалушылар санын екі есеге арттыру жоспары бар.

Бекжан Бабышев, Абай облысы Туризм басқармасының басшысы:

- Алакөл курорттық аймағында тәулігіне 20 мың турист қабылдаймыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 70-75 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде Алакөл аумағы 300 гектарды құрайды. Болашақта оны 3 мың гектарға дейін кеңейту көзделген. Қазіргі уақытта бас жоспар әзірленіп, жер телімдері бөлінуде. Аталған аумақ абаттандырылып, заманауи демалыс орындары салынатын болады.