Таяу Шығыстағы қақтығыс Шығыс Африкадан келетін гүл экспортын тежеді

Әсіресе әлемдегі ірі өндірушілердің бірі саналатын Кенияның гүл өсіру саласына қатер төніп тұр. Қақтығыс салдарынан логистика бұзылып, әлемдік нарықта сұраныс төмендеген.

Соның нәтижесінде жергілікті өндірушілер апта сайын шамамен бір жарым миллион доллар шығынға батып отыр. Найроби маңындағы мына гүл шаруашылығы бұрын ел экспортының негізгі тіректерінің бірі болған. Алайда қазір мұнда жұмыс қарқыны бәсеңдеген. Салдарынан өнім жөнелту көлемі екі есеге жуық қысқарған. Саладағы бұл өзгеріс Таяу Шығыстағы қақтығыспен байланысты. Өйткені дәл осы өңір кениялық гүлдер үшін маңызды нарықтардың бірі болған. Қақтығыс басталғалы сұраныс төмендеп, жеткізу жолдары бұзылған.

Ананта Кумар, гүл фермасының коммерциялық менеджері:

- Біз үшін Таяу Шығыс нарығы өте маңызды. Ол жалпы сатылымның шамамен төрттен бірін құрайды. Бұрын күн сайын 450 мың гүл жөнелтетінбіз. Қазір бұл көрсеткіш 150 мыңға да жетпейді. Қалған өнімді тастауға мәжбүрміз.

Қиындықтар Еуропа бағытына да әсер етті. Бұл нарықтағы Кения гүлдерінің көлемі шамамен 70 пайыз. Алайда қақтығыс салдарынан жеткізу жолдары бұзылып, тасымал күрделене түсті. Таяу Шығыстағы транзиттік әуе хабтарының жұмысы іркіліп, рейстер саны азайған. Соның салдарынан жеткізу құны екі есеге жуық қымбаттады.

Клемент Тулези, өсімдік шаруашылығының маманы:

- Жағдай өте күрделі. Еуропаға жеткізу құны бір келісіне 6 долларға жетті. Бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай жағдайда экспорт тиімсіз. Себебі тасымал шығыны табыстан асып кетеді. Екі апта ішінде жеті ферма жабылды.

Осылайша, саладағы дағдарыс тереңдей түсті. Кения орталық банкінің дерегіне сәйкес гүл нарығының жылдық айналымы 800 миллион доллардан асады. Алайда қазіргі жағдайда гүл экспорты үлкен қауіп алдында тұр. Сарапшылардың айтуынша, қақтығыс ұзаққа созылса, салдары пандемия кезеңінен де ауыр болуы ықтимал. 

Авторы: Динара Қуандыққызы