АӨК: тиімсіз субсидиялар қысқартылады

Отандық агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау жүйесі қайта қаралып жатыр. 

Анықталған заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аясында бюджет қаражатын бақылау күшейтіледі. Тиімсіз субсидиялау кезең-кезеңімен қысқартылып, ашықтық пен нәтижеге басымдық беріледі.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысының агроөнеркәсіп секторында мемлекеттік субсидияларды жымқырудың ірі схемасын әшкереледі. Ет өңдеу кешенінің басшысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдерімен, фермерлермен және ветеринарлармен сөз байласып, ірі қара малды сатып алу және оны өңдеу туралы жалған құжаттарды рәсімдеген. Осылайша, олар 3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидия алған.

Ләззат Байғожина, облыстық соттың баспасөз қызметінің басшысы:

- Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал кейбір сотталушылар бір жылдан 10 жылға дейінгі аралығында бас бостандықтарынан айырылды. Рақымшылық қолданғаннан кейін кейбір сотталушылардың жазасы 1 жылдан 4 жылға дейінгі қысқартылып, шартты түрде тағайындалды.

Тергеу барысында күдіктілер ерікті түрде 107 млн теңгеден астам қаражатты өтеген. Ет өңдеу кешені 5 жыл бұрын пайдалануға берілген. 2022-2023 жылдары кәсіпорын сиыр етін дайындауға әр келісіне 175 теңгеден субсидия алған. Сонымен қатар бұл компания аталған мемлекеттік қолдау түрін алушы жалғыз кәсіпорын болған.

Ибрагим Бекмұхамедов, Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Жарияланымдарда көрсетілген заңбұзушылықтар дәл субсидия алу кезеңіне қатысты. Негізгі мәселе өндірістік қуаттың асыра көрсетілуі. Ережеге сәйкес өңдеу көлемі тәулігіне кемінде 1,5 мың бас болуы тиіс, ал іс жүзінде кәсіпорын бір ауысымда шамамен 360 бас өңдеген.

Бұл қаржыландыру бағыты 2017 жылы ірі, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту және толық циклді заманауи ет өңдеу кешендерін құру мақсатында енгізілген болатын. Қазір ол тоқтатылды.

Бағлан Аймұрзаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры:

- Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы селекциялық асылдандыру жұмыстарына субсидияны біз алып тастадық. Әрине, бұл жерде әкімшілік тұрғыдан көптеген барьерлар болды. Оны әкімшілендіру мүмкін емес болғаннан кейін ол субсидияны біз алып тастаған болатынбыз. Ақырындап жеңілдетілген несиелеуге көшіп жатырмыз.

Осыған байланысты «Игілік» және «Береке» бағдарламалары ұсынылды. Яғни асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% таза мөлшерлемемен субсидиясыз қаржыландыру қарастырылған. Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 120 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Өткен жылы бұл сома шамамен 90 млрд теңге болған. Соңғы бес жылда саланы дамытуға шамамен 600 млрд теңге бағытталған. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ислам Махамбет