Астанада өңірлік экологиялық саммит басталады. Live

Астанада RES 2026 өңірлік экологиялық саммиттің басталуына санаулы уақыт қалды.

Келелі бас қосуда жасыл технологиялар, су ресурстарын басқару және тұрақты инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланады. Саммит аясында Орталық Азия елдері декларация қабылдайды. 

Әлімжан Тұрар, ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры:

- Бірінші күннің өзінде мұнда 20-ға жуық іс шара өтеді деп жоспарланған. Мәселен, бүгін түстен кейін Қытайдың энергетика мен тұрақты инфрақұрылымға арналған жасыл технологиясына арналған форум, Су ресурстарын тиімді басқару бойынша француздардың технологиясы тақырында панельдік сессиялар өтеді. Саммит аясында Орталық Азия мемлекет басшылары ортақ декларация қабылдайды деп жоспарланған.

Өңірлік экологиялық саммит 2026 үкіметтер, халықаралық ұйымдар, өңірлік бірлестіктер, қаржы институттары, жеке сектор, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғам арасындағы диалог пен үйлестіру үшін халықаралық алаң қалыптастырады.

Саммиттің мақсаты - климаттық және экологиялық сын-қатерлер бойынша бірлескен әрі практикалық шешімдерді әзірлеуге арналған ашық платформаны қалыптастыру. Бұл платформа елдер, өңірлер мен серіктестердің кең ауқымын біріктіре отырып, Орталық Азияның үлгісінде өңіраралық ынтымақтастықтың жаһандық күш-жігерді қалай күшейтетінін көрсетеді.

Орталық Азия елдерінен, Еуропалық Одақтан, ШЫҰ-нан және Таяу Шығыстан шамамен 1500 қатысушы экологиядағы өзекті  мәселелерді талқылау және мемлекетаралық келісімдерге қол жеткізу үшін саммитке қатысады деп күтілуде.

RES 2026 EXPO - мемлекет, бизнес өкілдері, ғалымдар және халықаралық ұйымдар бас қосатын маңызды алаң. Көрменің басты мақсаты - тұрақты экологиялық даму арқылы жасыл экономикаға көшу жолдарын талқылау. Көрме барысында экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған нақты идеялар мен заманауи технологиялар ұсынылады. Сонымен қатар жаңа жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру үшін инвестиция тарту мүмкіндіктері қарастырылады.