Елде 8 900 шақырым жол жөнделеді
Биыл елдегі 8 900 шақырым республикалық автожолдарда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Оның 3 400 шақырымы жаңартылса, 324 шақырымы күрделі, қалған 5 200 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл туралы ҚазАвтоЖол басқарма төрағасы мәлімдеді. Дархан Иманашевтың айтуынша, жоспарланған жұмыстарды орындауға 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мыңнан астам маман және 193 асфальтбетон зауыты жұмылдырылады. Жобаларды жүзеге асыру барысында 10 млн текше метр қиыршық тас пен 1,3 млн тонна отандық битум қолданылады. Сондай-ақ биыл ұзындығы 2 153 шақырымды құрайтын ауқымды 7 жаңа жоба бар.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Орталық-Батыс, Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Доссор, Қызылорда-Сексеуіл, сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда және Петропавл қалаларының айналма жолдары. Атап өту керек, осы аталған барлық жобалардың құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану және жергілікті мамандарды тарту көзделген. Сонымен қатар жылдың соңына дейін Ұлытау облысы бойынша 208 шақырым болатын Қызылорда-Жезқазған автожолының негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, екі облыс арасындағы қозғалысты толықтай ашуды жоспарлап отырмыз.
Бейнекамералардың арқасында республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғалары 20%-ға азайды. Бүгінгі таңда 8 ақылы учаскеде орналасқан аркалардағы бейнекамералар орташа жылдамдықты тіркеуде. Олар құқық бұзушылық фактілерін тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. Биыл жыл соңына дейін қосымша 16 ақылы учаскеде жылдамдықты бақылайтын жүйені орнату жоспарланған.