Өңірлік экологиялық саммит: су – болашақтың мұнайы
Су – болашақтың мұнайы. Алысқа көз тастамай-ақ, қазірдің өзінде мұнайын суға айырбастап жатқан елдер бар.
Жалпы су қауіпсіздігі – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Жаһанды алаңдатқан түйткіл Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте кеңінен қозғалды. Ауқымды жиын 55 елден келген мамандардың басын біріктірді. Оның ішінде 9 мемлекеттің басшысы мен премьер-министрі бар. Сарапшылар бірнеше күн қатарынан су тапшылығы мен климат мәселесін талқылап, оны шешудің ұтымды тұстарын іздеді.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Астанада өткен Өңірлік экологиялық самитте сақа сарапшылар суды –қауіпсіздік деңгейіндегі проблема екенін мойындады. Жер шарында су жетпей жатыр. Бұл – болашақтың емес, бүгіннің шындығы. Сарапшылардың айтуынша, адамзат «су тапшылығы» кезеңінен өтіп, енді «су банкроттығы» дәуіріне аяқ басты. Бұл – құрғақ сөз емес, терең ой салатын үлкен мәселе. Осы шолуды дайындау барысында әлемдік сарапшылардың мақаласына да көз жүгіртіп көрдім.
Су қауіпсіздігі тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Арал теңізі салғырттықтың салдары, қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Кезінде «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» маржандай теңіз болғаны белгілі. Бұл тек еліміз үшін емес, күллі адамзатқа сабақ болды десек артық болмас. Бүгінде сол Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Енді дүйім жұрт Каспийге алаңдаулы. Мемлекет басшысы саммитте еліміздің Каспий теңізі тағдырына алаңдайтынын айтып, оны сақтау жолында мүдделі халықаралық тараптарды күш біріктіруге шақырды. Президент Арал теңізінің жайына да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Біздің еліміз үшін де Каспий мәселесі өзекті. Өйткені логистикалық хабқа айналу мақсатымызға нұқсан келуі мүмкін. Мамандар: «Каспий теңізінің мәселесі экологиялық қана емес, экономикалық тұрғыда маңызды», - дейді. Расында бұл – Азия мен Еуропа арасын жақындататын бағыт. Орталық дәліз. Ал теңіздің шөгуі кейінгі он жылда тым белсенді. Оған осы климаттық өзгерістің әсері тиген. Сол себепті бұған өңірлер де алаңдаулы. Қазір біздің тараптан Каспийді құтқаруға атысты ірі жобалар жүзеге аса бастады.
Уәлихан Жанаисов, Мұнай компаниясының денсаулық, еңбек, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры:
- Солтүстік Каспий жобасы – Каспий теңізіндегі алғашқы ірі жоба. Біздің басты мақсатымыз – өндірісті қауіпсіз, тұрақты және тиімді түрде жүргізу. Жобаны дамыту барысында біз экологиялық аспектілерге ерекше мән береміз. Жоба басталғаннан бері ілеспе газды жақпай және теңізге ешбір төгінді төкпей жұмыс істеп келеміз.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- «Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң». Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһан елдерінің тұтас экожүйеде өмір сүріп жатқанын еске салды. Иә, климаттың қауіп-қатері баршаға ортақ. Сондықтан мемлекеттер жауапкершілікті теңдей бөлісу керек. Әсіресе Орталық Азия су тапшылығы, тіршілік нәрін тиімсіз басқару, шөлейттену, ауаның ластануы секілді бірқатар мәселені бастан кешіріп отыр.
Аликбек Джекшенкулов, саясаттану ғылымдарының докторы:
- Бұл жөнінде Орталық Азия мемлекеттерінің арасында қызметтесу мәселесін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев не деп айтқан? «Тіресуден қызметтесуге өту керек», - деген. Бұл өте маңызды. Су мәселесіне келгенде де осындай. Бүгінгі күні біздің үкімет, біздің министрліктер, экологтар бәрі сөйлесіп, «қандай шешеміз?» деп іс-шара болып жатыр. Алайда бүгінгі күні бір жақсы қадам жасалған — осы Талас пен Тараздың ортасындағы Киров су қоймасы бойынша келісім бар.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Әлемдік сарапшылардың айтуынша, су болашақтың мұнайы. Алайда айырмашылығы – оны алмастыратын ресурс жоқ. Сондықтан судың да сұрауы бар деген сөздің төркініне әлемдік көзқараспен үңілгеніміз абзал. Осы тұста сандарды сөйлетіп көрейік. Бүгінде әлемде 2,1 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 4 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығын сезінеді. Былтырғы дерекке сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығынан зардап шегеді. Әлемдік ғалымдар тіпті 2030 жылға қарай 700 миллион адам су тапшылығынан туған жерін тастап көшуге мәжбүр болуы мүмкін деп отыр. «Жаһандық су тапшылығы – бір ғана фактордың емес, бірнеше дағдарыстың тоғысынан туындап отыр», - дейді ғалымдар. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, ластану, суды тиімсіз басқарудың салдары адамзатқа қауіп төндіріп отыр.
Рольф Пайет, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының атқарушы хатшысы:
- Климат мәселесі – өте күрделі тақырып. Бұл жерде БҰҰ-ның көптеген ұйымдары, соның ішінде химиялық заттар және қалдықтармен айналысатын менің ұйымым да бар. Бір қарағанда, химикаттардың климаттың өзгеруіне еш қатысы жоқ сияқты. Алайда олардың байланысы тікелей. Мысалы, парниктік газдардың шамамен 20 пайызы күнделікті өндіріп отырған қалдықтарымызға тиесілі. Бұл бағытта біз нақты әрекет ете аламыз. Өңір елдерімен бірлесіп жұмыс істей отырып, бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Су тапшылығы тек экологиялық емес, экономикалық және саяси қауіпке айналып барады. Құрғақшылықтан жыл сайын әлем елдері миллиардтаған доллар шығынға батады. Әлемнің 75%-ы су тапшылығы бар аймақтарда өмір сүреді. Дағдарыстан шығудың аз да болсын жолдары бар. «Су үнемдейтін технологияларды көптен енгізу, тұзды суды тұщыландыру, қайта өңдеу жүйелері, ауыл шаруашылығын реформалауды қолға алу қажет», - дейді мамандар. Ғалымдар тіпті ауадағы ылғалдан су алатын құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Мәселен соңғы екі жылда Қазақстаннның су шаруашылығына 1,5 миллиард доллар инвестиция тартылған.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Министрлігіміздің тарапынан біз үш келісімшартқа қол қойдық. Ең бірінші, Словакия мемлекетінің Премьер-мнистрінің орынбасарымен келісімге қол қойдық. Сол мемлекетте су қоймалардың қауіпсіздігіні қамтамасыз ету мәселесі жақсы қолға алынған. Одан бөлек, су тасқынын болжамдау мәселесі де, сол жөнінде біздің тиісті мекемелеріміз жұмыс істейді. Қазір ғана біз Халықаралық су саласының проблематикасы жөнінде институтпен келісімшартқа қол қойдық. Біздің мақсатымыз – ғылыми негізде бар проблемаларды шешу және оны іске асыру мәселесі.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Негізі Қазақстан экология мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Жаңа Конституциямызда да қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Елімізде эковолонтерлер қозғалысы кең қанат жайып келеді. Ортақ іске 100 мыңнан астам отаншыл азамат атсалысып жүр. Елімізде озық экологиялық ойлау мәдениетін дамытатын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы іске асырылып жатыр.