Арқалық әуежайы жазда іске қосылады

Арқалықтағы әуе айлағының құрылысы қызу жүріп жатыр. Әуежай терминалы, апаттық станция, арнайы көлік гаражы сияқты нысандар салынып болды. 

Қазіргі кезде ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар ұшып-қону алаңын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. 

Жоба жетекшісі Арман Ахметов аумағы 2 мың шаршы метр болатын жаңа аэровокзалда жолаушыларға барынша қолайлы жағдай қарастырылғанын айтады. Әуежай сағатына 70 адамды қабылдап, өткізе алады. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы атқарылған.

Арман Ахметов, Арқалық әуежайы жобасының басшысы:

- Терминалдың ғимаратын бүкілін құрып қойдық. Төбесі жабылды, терезелерінің бәрі қойылды. Енді ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші қабаттың вентеляциясын, инженерлік-коммуникациясын бәрін құрып қойдық. Ендігі келесі аптадан бастап сыртқы жұмыстарға көше бастаймыз.

Мұндағы құрылысқа 200-ден астам адам тартылған. Әуежай ғимаратынан бөлек, диспечерлік пункт, жылу қазандығы сияқты қосымша сегіз нысан бой көтереді. Аумағы 150 мың шаршы метр ұшып-қону алаңының жоғарғы қабаты толық жаңартылады.

Алмаз Есенжолов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Келесі кезеңде осы әуе айлағында төтенше жағдайлар қызметінің тікұшақтары үшін ангарлар салу жоспарланып отыр. Арқалық әуежайы Қазақстанның орталығында орналасқандықтан қандай да бір аймаққа көмекке жедел жету мүмкіндігі мол.

Торғай өңірінің әуе қақпасы алдағы шілде-тамыз айларында ашылады деп күтілуде. Әуежай 60-70 орындық шағын ұшақтарды қабылдайды. Әуелгіде Қостанай, Астана, кейін Алматы бағытында әуе қатынасы орнатылады. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг