Ұлттық стандарт өндіріс қуатын арттырды
Тас өңдеу саласының тынысы кеңейді. Бұған ұлттық стандарт себеп. Тиісті құжат салалық Одақтың белсенді қатысуымен әзірленген.
Мамандар табиғи тастан жасалған бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігіне бірыңғай талаптарды белгіледі. Сондай-ақ кен орындарының шикізат базасымен салыстыруды қоса алғанда, өнімнің сәйкестігін растау рәсімін бекітті. Кейін бұл бастама «Ғимараттар мен құрылыстың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке енгізілген. Дәл осы қадам жаңа ережелердің тұтас ел аумағында біркелкі сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Нәтижесінде нарық анағұрлым ашық болып, өнім сапасы да жақсарған. Ресми статистикаға көз жүгіртсек, отандық төсемтас пен жиектастың ішкі нарықтағы үлесі 91 пайызға дейін жетті. Ұлттық стандарт халықаралық талаптарға сәйкес келеді. «Яғни бұл құжат саланың экспорттық әлеуетін де арттырады», - дейді мамандар.
Даурен Ағзымов, Қазақстан Тас өңдеу саласы одағының басқарма төрағасы:
- Қазіргі уақытта сала дамып келеді. Ұлттық стандартты енгізудің нәтижесінде гранит жиектас пен төсемтас өндірісі ұлғайып, импорттан іс жүзінде толық бас тарттық. Сондай-ақ стандарттарды әзірлеу нарықтан сапасыз құрылыс материалдарын ығыстыруға ықпал етті. Техникалық реттеу – отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі құралына айналды.
Импортқа уақытша шектеу қойылуы мүмкін
Құрылыс материалдарының кейбір түрін импорттауға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталына Бұйрық жобасын жариялады. Құжат үшінші елдерден гипскартон, шыны, тас түрлері, портландцемент және құрғақ құрылыс қоспаларына қатысты. Бұл өнімдердің импортына 6 айға дейін шектеу ұсынылды. Осы арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты өніммен толық қамтамасыз ету көзделген. Бұйрық жобасы мамыр айының алғашқы онкүндігіне дейін қоғамдық талқылауда болады. Егер құжат қабылданса, бағаға қалай әсер етеді? Сала мамандары бұл сауалға былай жауап берді.
Мухамед Андаков, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі уақытта біз нормативтік-құқықтық акт жүргізіп жатырмыз. 6 ай мерзімге 5 материалды ішкі нарыққа кіргізуге шектеу қойып жатырмыз. Ол мәселе – отандық өндірушілерді қолдау және сапасыз материалдардың деңгейін төмендету. Ол құрылыстағы бағаға әсер етпейді. Өндірушілер қазіргі бағаны сақтап қалады.
ЖИ құрылыс барысын бақылауға кірісті
Құрылыс жұмыстарын бақылауға жасанды интеллект көмектеседі. Салада пилоттық жоба іске қосылды. Жаңа жүйе нысандардың нақты жай-күйін жобалық құжаттамамен салыстырады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айуынша, осыған дейін құжат пен құрылыстың сәйкестігін тексеруге үш жұмыс күні кететін. Енді жасанды интеллект бұл жұмысты 4 сағат ішінде аяқтайды. Сонымен қатар жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM жобаларын тексеру үшін жасанды интеллект қолдану жоспарланып отыр. Бұл әдіс өңірлердің сейсмикалық жағдайын ескере отырып, бұрынғыдай әр түрлі мерзім ішінде емес, барлығын бір уақыт аралығында қарауға мүмкіндік береді.
Құрылыста отандық өнім үлесі артты
Елдің құрылыс материалдары нарығында отандық өнімдер үлесі 70 пайызға жетті. Индустрия және экспорт орталығының мәліметіне сүйенсек, былтыр қаңтар-мамыр аралығында жалпы құны 567 млрд теңге болатын тауар өндірілген. Әсіресе ескерткіш пен құрылысқа қажетті өңделген тас, бетоннан жасалған өнімдер және түрлі ертінділер көлемі артып отыр.