Әуе компаниялары рейстерін қысқартып жатыр
Ал Еуропада авиация саласы қысымға ұшырады. Жанармай тапшылығынан әуе компаниялары мыңдаған рейсті қысқартуға мәжбүр. Нарықтағы бұл өзгерістер ең алдымен қай бағыттарға әсер етіп жатыр.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Еуропа авиаотын импортына қатты тәуелді. Ормуз бұғазындағы ахуал ең алдымен осы салаға әсер етті. Сарапшылардың бағалауынша, Еуропаға импортталатын авиациялық керосиннің шамамен 40 пайызы Ормуз бұғазы арқылы тасымалданады. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, қолдағы қор жаздың басына дейін ғана жетуі мүмкін. Осыған байланысты әуе компаниялары туристік маусым басталғанына қарамастан рейстерін қысқартуға мәжбүр.
Ауқымды өзгерістер туралы алғашқылардың бірі болып Lufthansa хабарлады. Неміс тасымадаушысы 20 сәуірден бастап күніне орта есеппен 120 рейсті тоқтатып жатыр. Қазан айына дейін кестеден қысқа қашықтықтағы 20 мың рейс қысқартылады. Transavia әуе компаниясы мамыр-маусым айларында бірқатар рейстін тоқтатса, ирландиялық Ryanair жанармай келісімшарттары тек мамырдың соңына дейін ғана бекіткілгенін мәлімдеді. Осы аптада Түркияның басты авиатасымалдаушысы Turkish Airlines да 18 бағыт бойынша рейстерді уақытша тоқтататынын хабарлады. Олардың қатарында Түркістан мен туристер арасында танымал Ыстамбұл-Хургада бағыты да бар. Ал KLM Амстердамнан орындалатын 160 ішкі еуропалық рейс пен Таяу Шығыс бағыттарын қысқартуға көшті.
KLM әуе компаниясы Эр-Рияд пен Даммам бағытындағы және кері рейстерді 14 маусымға дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты соңғы мәліметтерге қарамастан өңірдегі ахуал әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Дубай бағытындағы рейстер де 14 маусымға дейін тоқтатылған.
Ұшақтың негізгі отыны керосин-мұнай өнімі. Ол әуе компаниялары шығындарының шамамен үштен бірін құрайды. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы оның бағасы Еуропада екі есе өсті. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының дерегінше, өткен жылдың көктемімен салыстырғанда керосиннің бағасы орта есеппен 105 пайызға өсіп, барреліне 120 долларға жеткен. Сарапшылар: «Ормуз бұғазы жуық арада ашылған күннің өзінде, жеткізілімдерді толық қалпына келтіруге бірнеше ай кетеді», - дейді.
Анита Мендиратта, Халықаралық авиация және туризм сарапшысы:
- Әскери қимылдар аяқталған күннің өзінде қақтығыстың жанама салдары сақталады. Себебі отынды өңдеу мен тарату жүйесін қалпына келтіруге уақыт керек. Сондықтан кері салдары жаз мезгіліне дейін созылуы мүмкін. Қазір сұраныс көп, ал ұсыныс шектеулі.
Рейстерді қысқартудан бөлек, әуе компаниялары билет бағасына қосымша жанармай алымын енгізіп жатыр. Мұндай қадамға Air France-KLM мен SunExpress барды. Қалай дегенмен жеткізілім қалпына келгеннің өзінде, нарық бірден тұрақтанбайды. Сондықтан жазғы маусымда әуе рейстері одан әрі қысқарып, билет бағасы өсуі ықтимал.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Омиржан