Ақтаудағы «Достық» үйі алаңында алтыбақан тербелді. Live

Еліміздің батыс өңірі – Маңғыстау облысы тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтуде.

Өңірде күні бойы мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Дәл қазір Ақтау қаласының тұрғындары «Достық үйі» алаңында ұлттық дәстүрді дәріптеп жатыр. Мұнда жиналған жұрт алтыбақан теуіп, қазақтың ұлттық ойындарынан өзара сынға түсуде. Мерекелік көңіл-күй қалада ерекше сезіледі.

Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Жалпы қазақта «Сәуір болмай тәуір болмайды» деген сөз күн тезірек жылынса деген ниетпен айтылады. Десек те, өткен ай Маңғыстауда жауын-шашынды өтті. Ал бүгін таңсәріден күн шуақты. Ауа температурасы күндіз 17-19 градус жылы болады деп күтіледі. Байқап тұрмыз, «Достық» үйіне келіп жатқан көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі. Тұрғындардың көпшілігі елімізде бейбіт ғұмыр кешіп жатқан ұлт пен ұлыстардың ұлттық киімімен келген. Жастар жағы алтыбақанда тербеліп, асық ату, арқан тарту секілді сайыста бағын сынауда. Осы алаңда өңірдегі 25 этномәдени бірлестіктің өкілдері әзірлеген көрме жұмысы күні бойы жалғасады. Көпшілік көрмені тамашалап, жергілікті тауарөндірушілерден азық-түлік, кәдесый, киім-кешекті төмен бағамен сатып ала алады.

25-26 сәуірде шағын футбол, шахмат және үстел теннисінен дәстүрлі спорт сайысы өткен болатын. Былтыр құрылған «Достық» командасы биыл да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Осылайша, ынтымағы жарасқан өзге ұлт пен ұлыс өкілдері қоғамға салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай өлке әлеуетінің артуына да өз үлесін қосып келеді. Айта кетейін, мерекеге жоспарланған іс-шаралар сағат 19:00-де амфитеатр алаңында өтетін концерттік бағдарламамен түйінделеді.