Петропавлдағы көпұлтты мектепте достық мерекесі өтті
Петропавлдағы мектепте 22 ұлттың өкілі білім алады. Олар Қазақстан халқының бірлігі күні этноауыл фестивалін ұйымдастырып, салт-дәстүрлерін паш етті.
Ашық аспан астында ұлттық тағамдарын дайындап, спорт түрлерінен сынға түсті.
Қазақ, орыс, неміс, армян. Петропавлдағы №17 мектеп-кешені көпұлтты оқу ордасы болып саналады. Қазір мұнда 22 ұлттың өкілі бір шаңырақ астында білім алып жатыр. Бірлік күні ашық аспан астында этноауыл құрып, достық фестивалін ұйымдастырды.
Махаббат Абай, оқушы:
- Бізде татар, қазақ, орыс, украин, қырғыз және одан да көп халықтар оқып, білім алады. Осы іс-шара арқылы олар өз дәстүрлерін көрсетеді. Билерін, әндерін және тағамдарын көрсетеді.
Мектеп жанында ақшаңқан күйіз үйлер тігіліп, далада дастархан жайылды. Оқушылар мен ата-аналар ұлттық киім киіп, салт-дәстүрін ортаға салды. «Этно-фестиваль халық арасындағы достықты нығайтады», - дейді ұйымдастырушылар.
Ләззат Жолмұқанова, мектеп директоры:
- Бүгін 1950 оқушы өздерінің дәстүрін көрсетіп, бірлік бар жерде тірлік болады дейді. Сондықтан алдын ала ақылдасып, балаларымызды тәрбиелеп жатырмыз.
Солтүстік Қазақстан облысында 26 этно-мәдени бірлестік бар. Олар өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне белсене қатысып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков