Қонаевта бірлік фестивалі өтті
Алматы облысында «Бірлік» фестивалі өтті.
Мерекелік шара аясында этномәдени бірлестіктер салт-дәстүрін, қолөнері мен ұлттық тағамдарын көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ұлттық әндер мен билер орындалды. Мереке күні облыс орталығында бұқаралық велошеру де өтті.
Орталық алаңда өткен мерекелік шараға тұрғындар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Елдегі достық пен қоғамдық келісімді дәріптеген мереке театрландырылған қойылыммен басталды. Бүгінде Алматы облысында 105 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Өңірімізде белсенді жұмыс атқарып жатқан 34 этномәдени бірлестік облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы орайда этномәдени орталықтардың, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелеріне ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында атқарып келе жатқан еңбектеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін.
Мерекелік шара барысында өңірдің дамуына үлес қосқан 15 азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері бар.
Гамзе Гейдаров, Алматы облысы күрд этномәдени орталығының төрағасы:
- Бұл біз үшін ерекше мереке. Бірлік пен достықтың мейрамы деуге болады. Осындай күндері бәріміздің әртүрлі болғанымызбен бір елдің азаматтары екеніміз анық сезіледі.
Аркенжан Джумаев, ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы:
- Бірлік бар жерде тірлік бар деген. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осындай дамыған мемлекетте бейбіт өмір сүру үшін, бір біріміздің осындай жұмыстарымыз әрқашан жемісті болуы қажет.
Жиын эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен арнайы концерттік бағдарламамен жалғасты. Сонымен қатар мереке аясында Қонаев қаласының көшелерінде бұқаралық велошеру өтіп, оған жүзден астам тұрғын қатысты.
Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов