Алматыда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық шеруі өтті

Алматыда Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық шеруі өтті. Оған 500-ге жуық студент қатысты. Жастардың саптық дайындығын, запастағы офицерлер мен ардагерлер бағамдап көрді.

Алматы автомеханика колледжінде таңсәріден қарбалас. Қаланың 15 колледжінің студенттері бүгін осында жиналды. Жарыс екі кезеңге бөлінген. Жас өрендер алғашында сәлемдесу шеруін жасады. Бұл кезеңде саптың түзулігі мен жүрістің бірегейлігі сыналды. Қыз-жігітттердің дайындық деңгейіне ардагерлер жоғары баға берді.

Ержан Өкіметұлы, «Застава тарландары» ардагерлер ұйымының мүшесі, запастағы подполковник:

- Әрбір қазақстандық азамат өзінің елін-жерін қорғауға міндетті. Ата-бабамыздың қалдырып кеткен аманатын біз қорғауға міндеттіміз. Сондықтан да осы іс-шаралар  сол міндетті орындауға үлкен маңызы бар деп есептейміз.

Екінші кезеңде жастар адамның жігерін жағып, рухын қайрайтын әндерді орындады. Мұндай әндер хормен тіпті әсерлі естіледі. Одан кейін әр команда қаруды шашып, қайта жинады. Мұнда ептілік пен жылдамдық керек.

Темірбек Рахманов, колледж директоры:

- Жас сарбаз патриоттық шеруі ол жыл сайын әр колледжде өтеді. Себебі осы колледждердегі жастарға болашақ маманды игеру үшін, мына патриоттық сана-сезімін ояту үшін және профориентациялық бағыт бойынша өтіп жатыр.

Қала колледждері арасында өткен шеруге арулар да қатысты. Жәй ғана қатыспады. Бірінші орынды иеленіп кетті. Олардың шерудегі жүрісі мен әскери  дайындығы көпшілік көңілінен шықты.

Ақнұр Советхан, студент:

- Патриоттық шеруде патриоттық сезімді олардың махаббаттарын отанға деген сүйіспеншіліктерін дамытады. Біз осындай топпен қыздармен, тек қана қыздар болып жиырма қызбен өнер көрсетік.

Саптық алаңда бой түзеген студенттер бүгін әскери өмірді аз да болса да сезіне алды. Болашақта бұл жастардың арасынан мықты офицерлер шығуы әбден мүмкін. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев