Өскемендік тыл ардагері қос мерекені қатар атап өтеді

Өскемендік тыл ардагері Иван Гагарин мамырдың басындағы қос мерекені қатар атап өтеді. 

Соғыс жылдары тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосса, кейін әскери салада ұзақ жыл еңбек етті. Ұлттық Ұлан сарбаздары ардагерді жыл сайын мерекемен құттықтап, құрмет көрсетеді. Биыл да ардагердің үйінің ауласында парад ұйымдастырды.

Иван Гагарин салтанатты шараға арналған әскери киімін киіп, қонақтарды қарсы алуға қамданып жатыр. Тәртіп пен талапты ұстанатын ардагер: «Сарбаз қашанда сымдай тартылып тұруы керек», - дейді. Ол жылда маңызды қос мерекені асыға күтеді. Өзінің балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келді. 8 жасынан бастап бейбіт өмір пен бір тілім нанның қадірін біліп өсті. Бала болып, асыр салып, доп қумады. Тылда тер төкті.

Иван Гагарин, тыл ардагері:

- Біз егін егуге де, мал шаруалығына да араластық. Баламыз демедік, қолымызға күрек ұстап малдың астын тазаладық. Көктемде жұмыс тіпті көбейетін. Ешқайсынан бас тартқан жоқпыз.

Еңбекпен шыңдалған жігіт кейін әскери қызметке тез араласты. 33 жылын сол салаға арнады. Қазір жасы 92-ден асса да, тың. Жиі жаяу жүріп, жас өрендерге өсиет айтудан жалықпайды.

Иван Гагарин, тыл ардагері:

- Отанды қорғау бұл – өз еліңнің болашағын ойлау. Яғни бүкіл алған біліміңді, жинаған тәжірибеңді халқыңа қызмет етуге арнасаң, одан асқан қандай бақыт керек адамға.

Бойы тік, мінезі нық Иван Гагарин өзін мерекемен құттықтап келген жастарды қуана қарсы алды. Ардагердің үйінің ауласында нағыз әскери парад ұйымдастырылды.

Бағдат Амангелді, ҚР Ұлттық Ұлан «Шығыс өңірлік қолбасшылығы» баспасөз қызметінің бастығы:

- Иван Феодорович, бұл кісі тек тыл ардагері ғана емес. Әскери тәрбиеші болған, өзінің әскери жолы бар,кейінгі ұррпақққа жол көрсете алатындай айтары бар ақсақал.

Иван Гагариннің әр сөзі, өзін ұстауы бүгінгі әскери қызметкерлерге жігер береді. «Осындай кездесу арқылы үлгі-өнеге аламыз», - дейді олар. 

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов