Алматыда ҰҚК шекара қызметіне алынған жас сарбаздар ант берді
Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің қатарын толықтырған 100-ге жуық жас сарбаз ант берді.
Шара 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келді. Салтанатты рәсімге жауынгерлердің ата-аналары мен жақындары қатысты. Сарбаздар бір айдан астам уақыт дайындық курстарын өткен. Енді олар нағыз әскери өмірге қадам басты.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Плацта жас сарбаздар қаз-қатар тізіліп тұр. Әрқайсысының жүзінен қобалжу сезімі байқалады. Бүгін ата-аналар үшін де мақтанышқа толы күн. Себебі ұлдары Отан алдындағы антын қабылдап жатыр.
Әскер қатарында қызмет етуге сұранған сарбаздардың бірі ақтөбелік Фархат Сексенбаев. Ол әскери бөлімге сәуір айының басында келген. Содан бері бүгінгі рәсімге қызу дайындалған.
Фархат Сексенбаев, қатардағы жауынгер:
- Әскери ант екі ғана сөз болса да оның артында терең мағына жатыр. Әскери антты жауапкершілікпен қабылдайды. Әскери антты қабылдағаннан кейін, адам өз міндеттеріне айқын нақты қадам басуы керек.
Ұлының нағыз азамат болғанын көру — әрбір ата-анаға мақтаныш. Тіпті мұндай маңызды күн үшін жүздеген шақырымды еңсергендер де бар.
Сейітжаппар Бионбаев, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Осы жерде балам ант беріп жатыр. Мен Жамбыл облысы, Жуалы районынан келіп тұрмын. Енді анттан кейін өздеріне берік, өздеріне сенімді болуға тырысады.
Салтанатты шарада мерекелік концерт өтті. Ант беру рәсіміне әскери ардагерлер мен запастағы офицерлер де қатысты.
Ерлан Сәкібаев, "Застава тарландары" РҚБ ардагерлер мүшесі:
- Ант дегенді адам өмірінде, ер азамат бір-ақ рет қабылдайды. Осы жас сарбаздарымызға сәттілік тілейміз. Отан қорғау жолында аман-есен өз борыштарын өтеп, аман-есен оралуына тілектеспіз.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Мұнда 100-ден аса жас сарбаз әскери ант қабылдады. Олар Қазақстанның әр өңірінен келген. Бірақ барлығын Отан алдындағы борышы біріктіреді. Ант қабылдаған сарбаздар алдымен үш айлық дайындықтан өтеді. Одан кейін шекара шебіне жіберіледі.
Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев